Басты тақырыпЭкономика

Саралжында «Бақыт» азық-түлік маркеті ашылды

Жуырда Саралжын ауылдық округінің әлеуметтік нысандар қатарына жаңа азық-түлік маркеті қосылды. Жаңа маркеттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары қатысып, салт-дәстүрге сай шашу шашты. «Бақыт» атты азық-түлік маркетінің иесі жеке кәсіпкер «Спарта» шаруа қожалығының төрағасы Спартак Төремұратов. Ботакөз-2 көшесінің бойына сән берген дүкеннің сыртқы сәулеті көз тартады. Дүкен іші заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа заман талабына сай ашылған азық-түлік маркеті 24 сағат жұмыс жасайды. Сондай-ақ, шағын маркеттің бір ерекшелігі интернет арқылы тапсырыс қабылдайды. Интернет арқылы сауда жасаған ауыл тұрғындарының заттары үйіне тегін жеткізіліп беріледі. Енді кемерліктер үйде отырып-ақ сауда жасай алады. Ал, ауылдық округке қарасты елді мекен тұрғындары бірігіп, 50 мың теңге көлемінде сауда жасаса, оларға да тегін жеткізілім бар. «Бақыт» азық-түлік маркетінде алкогольдық ішімдіктер сатылмайды. Есесіне азық-түлікпен қоса тұрмысқа қажетті заттардың барлығы дерлік дүкен сөрелерінде толып тұр. Тұтынушыларға тарту ретінде азық-түлік маркетінің ішінде тегін шай беріледі. Сауда жасауға келген тұтынушы бойын жазып, демін басып отыру үшін жұмсақ жиһаздар қойылып, заманауи үлгідегі теледидар қойылған. Осылайша Спартак Төремұратов шет елдің сауда мәдениетін шалғай ауылға алып келді. Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп отырған ол алдағы уақытта наубайхана, тойхана, жылыжай ашуды көздеп отыр. Қазіргі таңда «Спарта» шаруа қожалығында 4 адам жұмыс жасайды. Жыл сайын қарбыз-қауынымен тұтынушыларға жақсы таныс Спарта ағамыз биыл суармалы жем-шөп өсіруді қолға алып, 15 гектар жерге қарбыз, қауын, қияр егу жұмыстарын жандандырып, кәсібін кеңейте түспек.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.

Басқа жаңалықтар