Әлеумет

КОЛЛЕДЖДЕГІ «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» Облысқа үлгілі істерге ұйытқы болды

Жыл сайын сәулетті ғимараттарымен көбейіп, ауданның келбетін көркейтіп келе жатқан Ойыл аграрлық колледжі көптің көзін тартатын облыс бойынша іргелі оқу орындарының бірі. Материалдық-техникалық базасын, жастарға ауылшаруашылық білім беру сапасын, оқыту жүйесін нығайтып алған қара шаңырақтың  тынысы келген қонақтарды қызықтырады. Аталмыш оқу орны студенттеріне сапалы білім беріп қана қоймай түлектерін жергілікті жерлерге жұмыспен қамтуға күш салады. Жалпы біздің мақтанышымызға айналған колледж облыс басшыларының да назарын аударып, алыс-жақын оқу орындарына үлгі болып отыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің өзі 4 рет келіп, әр сапарында колледждің жетістіктеріне көңілі толып кетті. Осындай жаңа белестердің бастаушысы болған білім ордасына өткен сенбіде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева бастаған  әдіскерлер, өкілдер және аудандардың колледж директорлары келді.  Мақсаты — әр аудандардағы білім орындары бір-бірінің жұмыстарымен танысып, жоспарларын бөлісу. Ал, біздегі оқу орнындағы тың бастамаларды тоғыстыратын мұндай ортаға әбден лайық. Қонақтар аудан әкімі Дастан Сағыровпен бірге Ойыл аграрлық колледжі ауласында өтіп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкені аралады.

Колледжде өткен «Ашық есік» шарасында сөз сөйлеген Ләззат Оразбаева бұл кездесудің мақсатын таныстырып, білім ордаларының өкілдері, басшылары бір бірінің ісін көріп тәжірибе алмасу. «Құрметті әріптестер! Біз әркез әр оқу орындарында бас қосып отырамыз. Негізгі мақсатымыз бар нәрсені көріп-білу. Ал, Ойылда үлгі алар бастамалар жетерлік. Соның бірі өз кадрын, өз түлегін үймен қамтамасыз ету үлкен істің бастауы. Осындай бастамамен колледж директоры Серік Ғазизұлы бақытты бала жобасын үлкен үлес қосып отыр. Бізге «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, есігін айқара ашқан колледж ұжымына алғысымды білдіремін» — деген облыстың бас мұғалімі студенттерге білім сертификаттарын тапсырды. Сонымен қатар «Бақытты бала» жылы аясында балалар үшін жасалатын ауқымды жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша облыс бойынша биыл оқу жылын 6669 түлек бітірсе, оның 521 алтын белгі иегерлері. Сондай-ақ, балалар үшін облыста үлкен орталық салынып, балалар лагері, тіс емханасы тағы басқа нысандар бой көтермек.

Кездесуден соң колледж директорының орынбасары Шолпан Изматова мен колледж түлегі Амантұрлы Жұмажанұлына жаңа үйдің кілтін табыстады. Отбасылық жағдайына қарай үйге ие болған Амантұрлы қазір әскер қатарында жүр. Отан алдындағы борышын өтеп келген жасқа үй дайын тұр. Аудан басшысы Дастан Сағыров пен Ләззат Оразбаева  екі бірдей жанға тұрғын үй салдырып берген  колледж директоры Серік Ғазизұлына алғысын айтып, үлкен азаматтық игілікті істің қадамы деді. Аудан әкімі мен басқарма басшысы оқушыларға Астана қаласына берілген туристік саяхаттың жолдамасын тапсырды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар