ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілім

«МЕКТЕБІМ-МЕЙІРІМ МЕКЕНІ» МЕКТЕПТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Бала үшін мектеп үлкен өмірге алып кірер киелі босаға болса, ата-ана үшін ол ұрпағына қатысты ең асыл арманына үміт жалғайтын қасиетті ұғым. Сондықтан да халқымыз қашан да білімнің парқын түсіне білген.

Жылдағы дәстүрге сай Білім күні мерекесінде ауданымыздағы барлық мектептерде салтанатты жиындар өтіп, алғашқы қоңырау үні соғылды. Жалпы аудан бойынша 2023-2024 жаңа оқу жылында 3350 оқушы білім нәрімен сусындамақ. Оның ішінде 360 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр.


Ш. Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиядағы алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.

Сонымен бірге, ардагер ұстаздар және шаттыққа толы қуанышты күнге балдырғандарын жетектеп әкелген ата-аналар мерекелік лебіздерін жеткізді.


1-ші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндерге жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданымыздың меценаты, «Анвар» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиковтың демеушілігімен оқушы сөмкелері мен құралдары 1-ші сыныпқа аяқ басқан оқушыларға таратылды.


Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде білім күніне арналған дәстүрлі салтанатты шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев куә болды. Мектеп директоры Маржан Жонысова жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтап, былтырғы мектеп көрсеткіштерін мақтанышпен атап өтті. Жаңа оқу жылында болатын білім берудегі өзгерістерге тоқталды.


«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин ұстаздарды айтулы мерекемен құттықтап, білім беру саласындағы тынымсыз шығармашылық еңбегі мен келешектің келбетін көркейтер жас ұрпақты тәрбиелеудегі белсенділігі үшін бірқатар ұстазға «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың Алғыс хатын тапсырды.


Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын арнады.


Салтанатта сонымен бірге, мектеп өнерпаздары ән шырқап, алғашқы қоңырау үні сыңғырлап, «Мектебім-мейірім мекені» тақырыбындағы сынып сағаттарымен жалғасты.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар