Әлеумет

Кітап. Кітапхана. Кітапханашы!

Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының құнды сырларын сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің нағыз киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен өмір мен тәрбие мектебі. Сыры мол сырға толы сансыз  жауабы табылмаған сұрақтың шешуін тапқан қайталанбас білім ошағы.

Қасиетті кітаптарымызды олардың ішіндегі алтынға да айырбастауға келмейтін қазыналарымызды көздерінің қарашынғындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың еңбегі орасан зор. Абыройлы мамандықтың қиындығы мен қызығын арқалап жүрген мамандық иелерінің  болашақ саналы ұрпақты тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі ұшаң теңіз. Бүгінде адалдықтың ақ жүгін арқалаған кітапханашылардың айтулы мерекесі. Яғни қазан айының он бесінші жұлдызы «Кітапханашылар күні» екендігі көпшілікке белгілі.  Осы мақсатта аудандағы орталық кітпахана мен балаларға арналған кітапханаға ат басын тіреп кітапханашы апайларды айтулы мерекесімен құттықтап, кітапхана тынысымен танысып қайтқан едік. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің  дамуына  үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Халықтың қазіргі санасында кітапханаға бас сұғып, табалдырығын тоздыратын оқырман жоқтың қасы деген көзқарастың теріс екендігін аңғаруға болады. Себебі, Ойыл аудандық балалар кітапханасының кітапханашыларының айтуынша біздің оқырмандарымыз карантин уақытында да азайған емес дейді. Керсінше, «Апай мынадай кітап керек  еді» — деп алдын-ала хабарласып, кітапханаға келуге өтініш білдіретін балалар да бар екен. Кітапханашылар карантин талаптарын сақтай отырып оқырманға ұнаған кітабын тауып беруге тырысатындықтарын айтады. Сонымен қатар, эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың қазақ қоғамында орны тым бөлек.

Кітапхана- рухани қазына ошағы
Кітап. Кітапхана. Кітапханашы!  Үш ақ ауыз сөз болғанмен мағынасы тым тереңде. Бірі-бірінсіз толыққанды бола алмайтын рухани ошақ. Бір-бірін жалғастырып тұрған оларсыз қоғамды  елестету мүмкін емес киелі ұғымдар. Әр таңын білімнің қайнар көзі кітаппен ашатын, сол кітаптағы асыл мұраларды оқырмандарға жеткізетін алтын көпірді байланыстырушы Кітапханашылар. Бұл қарапайым мамандық болып көрінгенімен, бүгінгі заман талабына жүгінсек, ол мамандық қандай жұмыс түрлері болмасын өздерінің кәсіби шеберліктерімен заман талабына сай әдебиеттерді насихаттау, ұрпақтарға жан-жақты тәрбие беруде түрлі ақпараттар ағымына жол сілтеуші қоғамның белсенді мүшесі екендігін дәлелдеп келеді. Жалпы кітапхана – басқа әлемге апаратын жол. Ол басқа әлем бір сәт күйбең тіршіліктен алшақтататын әлем. Әр оқырман мұнда өз әлемін табады. Сол әлемде айналасындағы рухани байлық азығына тәнті болып саналы ұрпақтың  легінің қалыптасуына мүмкіндік сыйлайды.
Бүгінгідей ақпараттық технологиясы қарқынды дамыған заманда кітапхананың, электронды кітапханамен иық тірестіріп келе жатқандығы белгілі. Осыған орай әлеуметтік желіде оқырмандар арасында сауалнама жолдаған болатынбыз. Сауалнамада «Кітаптың әр парағын парақтай отырып оқиға желісіне еркін ену тиімді ме, әлде үйде отырып кез келген сайттағы кітаптың электрондық нұсқасын қолдағы телефоннан оқи салған тімдірек пе?» — деген сұрақ жолдаған едік. Кітап сүйер қауымның  көзғарасы жоғары, әрі кітапқа деген сүйіспеншіліктері керемет екендігін аңғардық. Жүргізілген сауалнамада көпшілік оқырманның пікірі кітапханаға барып сөрелерді ақтарып, іздеп жүріп оқыған кітаптың сезімі бір бөлек  дейді. Телефон кітапқа қарағанда көздің көруін нашарлататын болғандықтан жақсы кітаптарды кітапханашылармен ақылдаса отырып таңдап, кітаптан оқығынды жөн санайды екен. Ал тағы бір тобы әдеби кітаптарға қарағанда бір салаға арналған кітаптарды аз уақыт ішінде «телефоннан тауып қажетті ақпаратын алғаны тиімдірек» — дейді. Бұл дегеніміз оқырманның қай тұрғыдан болмасын кітапхана өмірінің қоғам үшін аса маңызды екендігін көрсетеді.

Мамандығым — мақтанышым
Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы деген ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада кітапты қолға береді деген тар ұғым орнына, қоғамда кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындататын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру керек  сыңайлы. Кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқара алады. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта ықыласын көтеру осындай жұмыстарды атқару кітапханашының басты міндеті. Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» — дейді. Мамандығын сүйіп ұзақ жылдар бойы кітапқанашылық қызметте келе жатқан аудандағы балалар кітапханасының қызметкері Гүлнар Ұлықпанова еңбек жолын балаларға арнады. Ол 1981 жылдан бері балалар кітапханасында қызмет етіп бүгінге дейін жас ұрпақтың кітаппен тонның ішкі бауындай жақын болуына үлес қосып келеді. Қырық жылға жуық өмірін кітапханаға арнап, әлі де осы саланың қазанында қайнап келеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда карантинге байланысты барлық шаралар онлайн жүзеге асып жатыр. Балалар үйде отырып та, түрлі шараларға өз қызығушылықтарымен жоғары деңгейде қатысады екен.  Баланының жанын ұғып, қажетті дүниесін дөп басу да оңай жұмыс емес.  Кітапханашы Гүлнар Ұлықпанова бұған дейін мектептерге жие ертегі қойылымдарын  қойып, мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс жасап келеді. Жұмыс барысында қызықты оқиғалар мен қиындықтар әрдайым қатар жүретіні белгілі. Сол сәттерде талғампаз кішкентай оқырмандардың көңілінен шығу да оңай жұмыс емес.  Кітапхана жанынан құрылған «Шапағат», «Қуыршақтар» клубтарымен мектептерге, балабақшаларға барып кітаптармен таныстырып, балалардың қызығушылығын оятуға  арналған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Жалпы Гүлназ апай еңбек жолын балалар өміріне арнауының сырын былайша түсіндірді. «Қай манадықтың болмасын өз ерекшелігі бар. Маған өзімнің мамандығым ұнайды. Бұл менің  өмірімді арнаған сүйікті кәсібім. Балалармен жұмыс, олардың қойған сұрақтары, білуге, үйренуге деген талпыныстары мені шабыттандырады. Қазірдің өзінде  800-ге жуық тұрақты оқырмандарымыз бар. Бала тілі бал ғой олардың мектептен шыға сала кітапханаға асығуы мені қуанышқа бөлейді. Қазіргі таңда салалаық басылымдарға қарағанда әдеби басылымдарға сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде кітапхана қоры жаңа кітаптармен жақсы толығып отыр. Бүгінгі өсіп келе жастқан жас буынның  кітапқа деген ынтасы өте жоғары. Оған үйдегі ата- ананың да бағыт сілтеуінің арқасы деп білемін. Баламен балаша жұмыс жасау да оңай емес дегенмен өз жұмысынан ләззат ала білген адам үшін аса қиын емес деп ойлаймын», — дейді.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар