ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру

«ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – КІШІГЕ МІНДЕТ!»

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осы күн Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылғы қаулысымен арнайы белгіленген болатын. Содан бері мереке елімізде кеңінен аталып өтіліп келеді. Негізінен бұл күн – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қамқорлық көрсететін ерекше мейірімге толы күн. Болашақ жастар мен орта буын өкілінің қазыналы қарттардан алар тағылымы мол. Аудандағы зейнеткерлерге, жалғызбасты жандарға, мүгедектерге, қамқорлық пен күтiмдi қажет ететiн азаматтарға жылдағы бағыт бойынша ерекше көңiл бөліп келеді. Осы ретте, үлкенге құрмет көрсетуде ойылдықтар салтынан жаңылған емес. Бұл сөзімізді жұма күнгі «Шұғыла»мәдениет және демалыс орталығында өткен салтанатты шара дәлелдей түсті.

Тәуелсіздік пен береке – бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Олай болса, аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз.

         Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол — ұрпақтың көрегендігі емес пе?! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата – әжелерімізге ыстық ықыласымыз шексіз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді.


Даралық пен даналықты бойларына жинаған ата-әжелеріміз әртүрлі салада қызмет етсе де, туған жері мен елі үшін еңбек еткен зейнеткерлер, ауылдың өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері де бар. Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған.


«Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет» — деген аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы үлкендерге ізетпен жайылған дастарханның басында өзінің мерекеге орай ізгі лебізін жолдады.
Бұл — мемлекетіміздің қарттарға, айрықша қолдау күтетін жандарға деген шынайы қамқорлығының жарқын көрінісі.


Иә, олар жүріп өткен жол біздің қоғамымыздың сан қилы кезеңдерімен тұстас келді. Қарттарымыз соның қай-қайсысында да алдыңғы қатарда жүріп, шама-шарқынша еңбек етіп, ауданның дамып өркендеуіне үлес қосқандар.

Бүгінде немерелеріне тағылымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қарттарды мақтан тұтып, қоғам назарына бөленіп, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып, сый-сияпат көрсетілді. Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі салтанатты басқосудың мазмұнын әрлеген аудан өнерпаздарының ән-шашуы қарт көңілдерді серпілтіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Басқа жаңалықтар