Әлеумет
Қадір түні ғибратты әңгіме өрілді
Киелі Көкжар елінің тарихы терең. Әлімсақтан ат тұяғын дүбірлетіп, керуен көшкен өңіріміз аңыз, әпсаналарға толы. Өйткені өткен дәуірдің дабысы бізге аңыз болып жетіп, ақиқатын ашады. Сондықтан болар көз алдымызда көненің ізін жаңғыртып, сан ғасырдың сырын шертіп тұрған тарихи орындар аз емес. Олардың бірі XIX ғасырда қаланып, бүгінгі күнге дейін бәз қалпында сақталған аудандық мешіт. Кешегі Кеңес Одағы заманында да іргесі сөгілмеген Алланың үйінен шыққан азанның дауысы барша Көкжар жұртын береке-бірлікке үндеп, Алланың ақ жолында құлшылық етуге асығып, тәубе қылуға шақырады. Қазіргі таңда мешіттің жамағаты күн санап қатарын толықтырып келеді. Бұл нағыз Ислам дініне деген бетбұрыстың түзулігі. Барша жамағаттың бойына иман нұрының сәуле шашуы болса керек. Айта кетсек, жалпы жамағат Рамазан айында ғана емес, күндердің сұлтаны саналатын жұма күндерінде де сәждеге басын тигізіп, қолда барына шүкіршілік қылады.
Осы орайда Ойыл жамағаты Оразаның жиырма жетінші күнінде мың айдан да қайырлы Қадір түнін қарсы алды. Қадір түніне арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы жергілікті жамағатты әрдайым ауызбіршілікте болуға шақырып, жасаған дұға-тілектерінің, ұстаған Оразаларының қабыл болуын тіледі. Бүгінгі күнде аудандық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы жаста болса жамағатты тура жолда, әділ, ақиқатпен өмір сүруге үндеді. Асыл дініміз Исламның оның ішінде Әбу Ханифа мәсһабының мұсылман бауырларға маңыздылығын түсіндірді. Одан кейін барша жұртшылыққа ислами сауалдар қойып, нақты жауап бергендерге сый-сыяпаттар үлестірді. Осылайша кеш батқаннан таң бозарып атқанға дейін Аллаға құлшылық еткен жамағаттың ғибратты әңгімелер тыңдады. Сонымен бірге Ораза тұтып, Жаратқанға жалбарынушы жастардың легі де көп болды. «Бір Аллаға сыйынып» — деп ұлыларымыз айтқандай, жастарымыздың құлшылықпен болашаққа басқан қадамдары нық, сәтті болғай!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.