ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

БЕЛ ШЕШІП, БІЛЕК СЫБАНА КІРІСЕТІН КЕЗ КЕЛДІ!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын бастан аяқ тыңдап шықтым.

Жолдау — әділдікке, инклюзивтік және үнемшілдікке бағдарланған Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы ретінде ұсынылды.
Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістерге жауап беретін экономикалық және өндірістік жаңа реформаларды, соны технологиялық серпілістерді алға тартты.
Мемлекет басшысы осы бастамаларды жүзеге асыруға үш жылдық мерзімді, аса күрделі міндеттер үшін нақты межелерді белгіледі.
Экономиканы әртараптандыру, мықты өндірістер іргесін қалыптастыру, отандық өнім өндірушілерді қолдау, туризм әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, агроғылымды өрістету, энергетика саласын түбегейлі қайта қарау, т.б. сияқты ел дамуының негізгі драйвері болып табылатын тұстарына өзінің нақты шешімдерін жария етті. Ендігі, осы Жолдаудан көрініс тапқан және менің көңілімнен орын алған кейбір басымдықтарға тоқтала кетсем…
«Жасыл» экономика — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның əл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. 2010 жылдарға дейін «Жасыл экономика» ұғымы толыққанды ауызға алынған жоқ. Рио+20 саммитінен кейін бұл тақырып бүкіләлемдік өткір мәселеге айнала бастады.
Президент өз сөзінде:
— Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет, — дей отырып, «жасыл» облигациялар тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығын басты алаңға айналдыру керек деп міндеттеді.
Атом энергетикасы саласы бойынша Президент Семей полигонының елімізе әкелген қасіретін және қоғамда болып жатқан түрліше пікірлерді ескере отырып, бұл маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді ұлттық референдум арқылы қабылдауымыз қажет деп түйіндеді.
Су ресурсын тиімді пайдалану. Ата-бабамыз айтып кеткен «Судың да сұрауы бардың» заманы келген тәрізді. Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел екенін ескерсек, су саясатын оңтайлы ойластырып, достық қарым- қатынас аясында келісіммен шешу — Үкіметтің алдындағы маңызды міндеттердің бірі болмақ. Креативті индустрияны дамыту. Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» саласы дамыған елдерде инклюзивтік экономиканың қайнар көзіне айналып отыр. Иә, бұл сала біздің елімізде жаңадан қолға алынып, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында креативтік орталықтар құрылды. Алайда, Жапония, Корея, Қытай, Түркия мемлекеттері құсап индустрианың ерекше табыс көздеріне айналып кете қойған жоқ. Бір ғана мысал, Корея-дағы PSY-дың «Гангхам стайл» трегі, BTS тобы мен күллі адамзаттың назарын аударған корей телехикаяларын еске түсіріп көрейікші…
Ал, бізде де осындай деңгейге жету үшін тыңнан түрен салмай өзіміздің Димашты отандық креативті индустрияның амбассадоры етіп шығаруға болады ғой.
Жасанды интеллект. Президент білім экономикасына тың серпін беруде жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл сөзді алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде, Жон Маккарти есімді азамат қолданған көрінеді.
Дәл қазір біз тарихымыздағы ең үлкен жетістіктердің ортасында өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект әрбір саланың және әрбір адамның болашағына әсер ететін негізгі күш болып табылады.
Осы орайда, мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысатын кемінде үш белгілі жоғары оқу орнын ашуды көздеп отыр. Иә, бұл жолғы жолдаудың құндылығы- жоғары интеллектуалдық, инновациялық жолды таңдай отырып, ел дамуының жаңа бағытын айқындауында. Олай болса, Президентіміздің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне үн қатып, Үкімет пен қоғам ымыраласа Жолдаудан туындаған күрделі де, келелі мәселелерді шешуде бел шешіп, білек сыбана кірісуіміз қажет!

Еркін ЖИЕНАЛИН,
«Amanat» партиясы Ойыл аудандық филиалының
атқарушы хатшысы.

Басқа жаңалықтар