ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпСпорт

АЛАҢДА СҮЙІКТІ СПОРТЫНАН ҚОЛ ҮЗБЕГЕН АРДАГЕРЛЕР

ӨТКЕН БЕЙСЕНБІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ. СПАРТАКИАДА ВОЛЕЙБОЛ, ШАҒЫН ФУТБОЛ, ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ, ШАХМАТ, ДОЙБЫ, ҮСТЕЛ ТЕННИСІ СИЯҚТЫ 6 СПОРТ ТҮРІ БОЙЫНША ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту, спортшылардың спортқа деген қызығушылығын, достық қарым-қатынастарын нығайтуға, облыстық ардагерлер спартакиадасына іріктеуді мақсат тұтқан жарысқа 5 команда қатысты. Яғни, Ойыл, Қараой, Көптоғай, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округ бір-бір команда шығарса, Саралжын мен Қайыңды ауылдық округтері бір команда жасақтап қосты. Шалт қимылмен шапшаңдықты қажет ететін үстел тенниісінен биыл да Белял Галиакбаровқа тең келер шебер табылмаса, Ш.Ертілеуов пен Ө.Қабекешов қалған екі жүлдеге ие болды.
Әйелдер арасында тағы да Р. Құлмаметова қарсыластарының барлығын қапы қалдырды. Көптоғайлық А.Таңатарова мен қараойлық Г.Жарбакиева да өз шеберліктерінің арқасында екінші-үшінші жүлделерді бөлісті.
Ал, қазақтың ұлттық спорты тоғызқұмалақтан ерлер арасында жинаған ұпайына сәйкес үшінші орын берсиевтік С.Ибрашевқа бұйырса, екінші орын қайыңдылық Б.Шуақовтың қанжығасында кетті. Бас жүлде Ө.Қабекешовтің еншісіне тиді. Әйелдер арасындағы додода ойылдық А.Жаймағанбетова бас жүлдеге қол созса, Н.Сапиева мен Н.Сәндіғалиевалар да ойлылардың ойынында екі жүлденің егесі болды.
Шахматтың шаршы тақтасында шеберліктерін сынаған ағалардың арасында ойылдық М.Тлеубаев үшінші орынды місе тұтса, қараойлық Е.Көпбаев екінші орынды еншіледі. Бас жүлде тағы да Ө.Қабекешовтің қанжығасында кетті. Ал, әйелдер арасында Н.Сапиева мен Г.Жарбакиева екі жүлдені еншілесе, І орын Н.Таушановаға бұйырды.
Дойбы жарысында ерлер арасында ІІІ орын Н.Әлиевке бұйырса, ІІ орынға Қ.Дәулетқалиев қол созды, бас жүлде Е.Көпбаевпен Қараойға кетті. Әйелдер арасындағы сайыста А.Жаймағанбетова бұл жолы қола жүлдені қанағат тұтса, Г.Жарбакиева екінші орынға ие болды. Бас жүлдені А.Таңатарова жеңіп алды.
Тартысты ойынның «көкесі» ойылдықтардың оң жамбасына келетін волейболдан өтті. Алды алпыс түгілі жетпістің үстіне шыққан ардагер спортшылар әлі де «сүйекке сіңген» спортты серік етіп жүргенін көрсетті. Нәтижесінде ІІІ орын Саралжын мен Қайыңдының бірлескен командасына бұйырса, ІІ орынды Ш.Берсиев командасы иеленді. Бас жүлде бұрынғыдай Ойыл командасында қалды. Шағын футболдан да ойылдықтарға тең келер қарсылас табылмады. Ш.Берсиев пен Қараой командасы жарыстың екі жүлдесін бөлісті.
Жарыс соңында аудандық спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегелерін аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев құттықтап, марапаттады. Ал, жеңімпаздар облыстық спартакиадада Ойыл ауданының намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Басқа жаңалықтар