Басты тақырып

Жәрмеңке мен көже «қайнаған» күн! (ФОТО)

Бүгін аудан жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін айрықша қарсы алды. Құбылған күннің салқындығына қарамастан Ойылдың дәл ортасындағы Байсалбай Жолмырзаев көшесінің бойында өткен ұлттық мерекеге еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін атсалысты. Қыстан аман шыққан арқа-жарқа ағайын құшақ жая көрісіп, Тәуелсіздік таңындағы тағы бір жылмен қауышты.

Ұмыт боп қалған ұлттық салт-дәстүріміз жаңғырып, Көкжар елінің көнеден қалыптасқан дәстүрі бойынша ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Наурыз тойға жиналған көпшілік алдымен аудан әкімдігі мен Ойыл аграрлық колледжі аралығындағы ат шаптырым жерге жағалай жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты. Биылғы тойдың бір ерекшелігі 100 метр дастархан жайылып, 1 тонна 100 литр наурыз көже мен 500 кг бауырсақ халыққа тегін таратылды. Мекеме қызметкерлері ұсынған наурыз көже мен ақтан ауыз тиген жұртшылық «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген ақ тілектерін білдірді. Сондай-ақ, таң ертемен саудасы қызған жәрмеңке сөрелерін ауыл шаруашылық өнімдері толтырды. Ақтөбе облыстық «Тұрақтандыру қорынан» әкелінген екі тонна көкөніс арзандатылған бағамен ұсынылды. Мұндай тұрақты баға тұрғындардың сұранысын арттырып, сөре шығарылған өнімдер тез арада өтіп үлгерді. Жәрмеңке сөресінен тағы бір сұранысқа ие болған өнім ет болды. Бір жарым тонны жылқы, сиыр, қой еттерін 1600, 1300, 1100 теңгеден пышақ үстінде үлестіріп әкетті. Оған қоса тары, сүт өнімдері мен иісі мұрынды жарарлық тауық, қой еттерінен жасалған кәуаптар жәрмеңке тұтынушыларының көңілінен шықты. Осы тұста Әбілхайыр ханның бейнесін сомдаған Ойыл аграрлық колледжінің қызметкерлері «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябаққа ат басын тіреді. Саябақ іші күмбірлеген күй мен әуелете шырқалған дәстүрлі әнге ұласты. Аудан өнерпаздары шық бермес Шығайбай мен Алдар көсе, Тазша бала, Қарашаш пен Жиреншелердің рөлін сомдап, театрландырылған көріністермен ұлттық нақышпен көмкерілген сахна төріне өнердің өшпестей шамын жақты. Сонымен бірге мақал-мәтелдер айтысы ұлылығымызды ұғындырса, ұлттық киімдер шеруі ұлттық санамызды жаңғыртты. Келесі ретте аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева мен облыстан арнайы келген Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл аудан жұртшылығын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Береке бірлігі жарасқан қазақы ауданның аспаны ашық, өрісі кеңейіп құт қонсын деген тамаша тілектерін білдірді. Сонымен қатар «Бұрымды қыз», «Үздік бата» байқаулары өткізіліп, ұлттық киім киінген боз бала мен бойжеткендеріміз алты бақан аясында ән салды.

Көпшіліктің көзінше өткен ұлттық спорттық сайыстар наурыз тойды одан сайын қыздыра түсті. Арқан тарту сайысына ептілер мен өңкей күштілер тартысып, нәтижесінде 1983 жылғы жігіттер жеңімпаз атанды. Келесі «күштік экстрим» дөңгелек аудару, көлік сүйреу сынды сайыстарына қатысушыларына қарағанда жанкүйерлері көп болды. Сондықтан бұл сайыстарға күшіне мығым, қайратты жігіттер қатысты. Айтулы екі сайыста да жеңімпаз атанған Асыланбек Қосанов көпшіліктің қызу қошеметіне бөленді. Одан кейін қол күрес сайысы бойынша білектілер күштесті. Өз кезегінде қарсылас шыдатпаған Зейнұр Берғалиев білектілер арасынан дара шықты. Ал балалық шақта сақа құйғызып ғана қоймай сұр мергендік баулитын асық ату ойыны бойынша сайысқа қатысушылардың санында шек болмады. Алайда асығы алшысынан түскен Рахат Қаршыға жеңімпаз атанды. Аталмыш сайыстар аяқталғанша боз кілемде бақтарын сынаған қазақ күресінің де жеңімпазы анықталды. Жанкүйерлер қызу қолдау көрсеткен тартыста Мұрат Әлжанов жеңіске жетті.

Мінекей ардақты ағайын «Жыл басы қалай басталса, соңы да солай болады» демекші елімізде дәйім тоқшылық, молшылық, береке мен бірлік болғай!

Р.S. Мереке алаңына тігілген киіз үйлерде бұрынғыдай емес, келушілерге облыс әкімінің бастамасымен қолған алынған «Бақытты бала» жобасы аясында аудандағы балалар қолымен жасалған бұйымдар көрмесі ұсынылды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар