ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ДИРЕКТОРДЫҢ ЕСЕБІНІҢ АРҚАУЫ

- КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ

Бүгінде ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, тұрғындар қайтарымсыз, жеңілдетілген несие алып өз кәсіптерін ашуда. Өткен апта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл ауданы филиалы директорының аудан кәсіпкерлерімен кезекті кездесуі болды.

Кездесудің күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов кәсіпкерлер алдында 2023 жылғы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов, аудан прокуроры Ақеділ Үсенов және аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов және аудан кәсіпкерлері қатысты.
Алдымен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов аудандағы 2023 жылғы кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы есебі тыңдалды.
Келесі кезекте сөз алған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов,
«Әрбір кәсіпті дамыту өздеріңіздің қолдарыңызда. Мемлекет, әкімшілік тарапынан қолдау әрқашан бар. Қаржылай немесе қолдау, қорғау мәселесі бойынша прокуратурамен бірге белсенді жұмыс жасаудамыз. Ырғыз және Ойыл ауданының кәсіпкерлерін қазіргі заманның батырлары деп есептеймін.
Өйткені, жолдың қашықтығы бар. Сол қиындыққа қарамастан мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, түрлі кәсіппен айналысып жатсыздар», — деді.
Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сауалдарымен бөлісіп, кеңестер мен түсіндірулер алды. Көбіне кәсіпкерлерді жер мәселесі толғандыратыны белгілі болды. Шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер телімдері туралы ұсыныстарын айтты. Кәсіпкерлердің ұсыныстарына орай аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов аудандағы қазіргі таңдағы бизнесті қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан және кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы туралы айтып өтті. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптары берілді. Одан соң кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларын жеке қабылдап, толғандырып жүрген мәселелері төңірегінде әңгімелесіп, ұсыныстарын тыңдады.
P.S Кездесу жиынынан соң «Ауыл аманаты» жобасы аясында өзінің бизнесін ашқан жас кәсіпкер Әсел Өтениязованың кілем жуу орталығына барды. Аталмыш кәсіпті ашуға 4 100 000 мың теңге несие алып, ол қаржыға кәсіпкер кілем жууға арналған арнайы құрылғыларды сатып алған. Қазіргі таңда шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Әсел «Қызметіме жүгінетіндер көбейіп келеді. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасына қонымды», — дейді. Сонымен қатар, тұрғындардан кілемді алып кету және жеткізіп тастау секілді жеңілдіктер де қарастырылған.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар