ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
АЙГҮЛ «ТӘТТІЛЕР ӘЛЕМІНЕ» ШАҚЫРАДЫ!
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беру арқылы азаматтарды кәсіпкерлікке тартуды көздейді.
Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды. Бұл жобаның басты мақсаты – орта және шағын бизнесті дамыта отырып, экономиканың локомативіне айналдыру, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай жасау, кәсіпкерлік саласында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту болып отыр.
Мәселен, осы бағдарлама арқылы біздің ауданда былтыр 34 жұмыссыз адам өз ойларын жүзеге асырып, жаңа кәсіптерін бастады. Ал, биыл болса, 42 адам 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, бірі мал алса, бірі құс өсіріп, енді бірі өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі — Ойылдың кіреберіс шеткі көшесінде тұратын Айгүл Жанғабылова.
Майлыбаевтар отбасының келіні Айгүл жоғары білімді маман бола тұра, жасынан меңгерген кәсібі әртүрлі тәтті тағамдарды әзірлеуді жұмыстан кейін қолы қалт еткенде дайындап жүрді. Тұтынушының талғамынан шыққаны сонша, тіпті тапсырыс берушілер көбейді. Еңбектің көзін тапқан көп балалы келіншек бұл кәсіпке жұмыстан шығып, білекті сыбана кірісті. Әрине, қысқа жіптің күрмеуге келмейтіні сияқты, арнаулы құрылғыларды алуға қол қысқа. Бір күні кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант беретінін естіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификатын алды.
Биыл жазда аудандық комиссия алдында өзінің жобасын сәтті қорғап, 1 380 мың теңге алды. Міне, көп кешікпей өзінің «Тәттілер әлемі» дүкенін ашып, ойын жүзеге асырып отыр. Кеше тұтынушыларына есігін айқара ашқан жаңа дүкенге аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараков пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержановтар құтты болсын айтып, жас кәсіпкердің қызметіне сәттілік тіледі. Бауыржан мен Айгүлдің қуанышын бөліскен көршілері шашу шашып, «Жақсыны көрмекке» ұмтылды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.