ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Жол азабын жүрген біледі!
Жол мәселесі күрмеуі шешілмеген күн тәртібінде тұрған тақырыптардың бірі. Халықтың алыс жолдарға ат көлік аман-есен жетуіне шұрық-тесік жолдар ауыртпалықтар әкелуде. Бір жыл бұрын Ойыл-Қаратал тас жолы жөнделіп халық игілігіне берілген болатын. Көп ұзамай істен шикіліктер шыға бастады. Төселгеніне көп уақыт болмаса да, жолдар кедір-бұдыр, ойқы-шойқы болып халықтың наразылығын тудырып жатыр. Тұрғындардың үніне құлақ түрген «Nur Otan» партиялық бақылау мүшелері жолдың жағдайын өз көздерімен көріп қайтты.
Сонымен қатар Ойыл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереевтің айтуынша, салынған жолдың бүгінгі жағдайын толық сараптамадан өткізіп, жолдың қалыңдығын, төселген материалдар, жолдың көлемі бәрі сапаға сәйкес. Жолды қайтадан қалпына келтіруге екі жылдық кепілдігін пайдалана отырып бөлінген қаржыдан қалпына келтіру жоспарланып отырғандығын айтады. Бірақ бірнеше шақырымды құрайтын жолдың біраз бөлігі бір жыл өтпей-ақ қайтадан жөндеуді қажет ететіндігін айқын көруге болады. Дегенмен жол ауыл тұрғындарының қатынас көліктеріне арналып салынғандықтан ауыр жүк машиналарының жүруі де жолдың аз уақыт ішінде бүлінуіне әкеліп отыр. Яғни, ауыр жүк машинасының жиі қатынау салдарынан да жолдың сапасы төмендей бастаған. Осы аталған мәселелердің оң шешімін табуын сұраған тұрғындар «алдағы қыс, көктем айларында жолдың машақатын тартпасақ екен» — дейді.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.