ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ОЙЫЛДЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Екі жылдың тоғысында ауданның өркендеуіне, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани дамуына үлес қосқан үздіктердің еңбегі еленді. Әр салада жемісті еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды. Үздіктерді аудан басшысы Асқар Қазыбаев бастап, әр саланың басшылары марапаттады.

«Ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады» деген қағидаға сүйенсек, Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейте білдіңіздер.


Осы ізгі қасиеттеріңіздің арқасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атандыңыздар. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», – деді Асқар Қайырғалиұлы.

Одан кейін марапатқа кезек берген аудан әкімі алдымен еліміздің игілігі жолында ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан зор үлесі мен қажырлы еңбегі үшін «Ақорын» шаруа қожалығының басшысы Назар Шотанов пен «Еңсеген» ауылшаруашылық өндірістік копперативінің басшысы Абат Еңсегеновке Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатын табыстады.


Өзінің атынан Екпетал ауылының тұрғыны көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алудағы қажырлы еңбегі үшін Жалғас Төлеуішовке алғыс хатын ұсынды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Түгелбай Шотановтың омырауына «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық Бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.


Ал, биыл «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағы үш адамға берілді. Ауылшаруашылық саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Аманғали Өмірғали мен жерлесіміз, актер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, еліміздің қоғамдық саяси ахуалын нығайтуға, мәдениет саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Асылхан Төлеповтерге арнаулы белгіні аудан әкімі өзі тақса, салтанатты шараға келе алмаған заң саласының үздігі, Ойыл ауданында прокуратура саласында абыройлы қызмет атқарғаны үшін Базарбек Уайсовқа арнайы табысталатынын жеткізді.


Ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Sapar Dent» стоматологиясының егесі Айгүл Жантелина, аудандағы тазалық жұмыстарын жүргізудегі қажырлы еңбегі үшін Ойыл ауылдық округі аппаратының қоғамдық қызметкері Дархан Дүйсенбаев пен қоян-қолтық ұрыстан 2 дүркін әлем чемпионы, еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан зор үлесі және жоғары жетістігі үшін Ұлан Мұқашевтар «Ойыл ауданының жыл адамы – 2023» атағына лайық деп танылды.

Ауданның қоғамдық іс-шараларына белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Тілекбай Әміровке «Үздік депутат» номинациясын Ойыл аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин табыс етсе, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев «Үздік мұғалім», «Үздік пошта қызметкері» номинацияларын табыстады.

Басқа жаңалықтар