ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҚ «ҚҰРМЕТ»
ТАЛАП ПЕН ЖІГЕРДІ ТАЛАП ЕТЕТІН ПОШТА САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАШАНДА ҚҰРМЕТ ПЕН ҚОШЕМЕТКЕ ЛАЙЫҚ. САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ПОШТА САЛАСЫНА АРНАП, ӨЗІНЕН КЕЙІН КӨПТЕГЕН ЖАС МАМАН ТӘРБИЕЛЕГЕН ПОШТА САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖАЙЛЫ КӨПШІЛІК БІЛЕ БЕРМЕЙДІ. БҮГІНГІ БІЗДІҢ ӘҢГІМЕМІЗ ПОШТА САЛАСЫ ҚЫЗМЕТІНДЕ ӨЗІНДІК ОРНЫ БАР СӘНЗИЯТ ЖЕКСЕНБАЕВА ТУРАЛЫ БОЛМАҚ.
Сәнзият Бақытжанқызы 1983 жылы Ақтөбе байланыс электро техникумын бітіріп, еңбек жолын тамыз айында Ойыл аудандық байланыс торабында техник маманы ретінде бастаған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңіне қарамастан, поштадағы жұмыс тоқтаған емес деп сол дәуірді еске алады біздің кейіпкер.
«1983-1988 жылдары Ойыл аудандық байланыс торабының «Союзпечать» бөлімінің бастығы болып жұмыс жасадым. Ол кезде «Союзпечать» бөлімі деген халықты баспасөзге жазу, белгілі классиктердің кітап томдарын сату, түрлі тұтыну заттарын, мектеп, оқу құралдарын сататын үлкен бөлім болатын. Өз алдына зат сататын «Киоск» дүңгіршегі болатын. Мен қабылдаған 1988 жылы баспасөзге халықтың жазылуы 32 мың дана болатын. 1993 жылы Ойыл аудандық байланыс торабы — біздер, пошта байланыс торабы, телеком өз алдына бөлек мекеме болып бөліндік. Ол жылдар тарихта «тоқырау» заманы деп есте қалды. Баспасөзге жазылу азайды, тіпті мүлдем болмады, тек халықтың зейнетақысы, жәрдем ақысын таратты. 2000 жылдардан кейін «Сбербанк» жабылып, Қазпошта мекемесі халыққа қаржылық қызметтер көрсете бастады,- деп алғаш еңбек жолы басталған сәтті еске алды.
Сәнзият апай Қазпоштада талмай еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Ол бүгінде жергілікті пошта байланыс торабының ООУ бастығы қызметін атқарады. Өзінің қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Сәнзият Жексенбаева былтыр «Құрмет» орденін иеленді.
«Биыл осы пошта байланыс торабында жұмыс жасап келе жатқаныма 41 жыл болады. Ұзақ жылдар еткен еңбегімді елеп, «Қазпошта» АҚ басқармасы мемлекеттік марапаты –«Құрмет» орденімен марапатталдым».
Ардақты ана отбасында жұбайы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардан тараған бес немеренің қызығын көріп отыр.
«Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Оқырманның қуанышын көргенде жұмысымның маңыздылығын түсінемін. Заман ағымына қарай жұмыс түрлері өзгерсе де қоғамда пошта қызметінің орны ерекше. Қазіргі күні поштаның жұмысы тек хат тасымалдау мен газет-журнал тарату емес. Бүгінгі таңда пошта саласы электронды қызметтердің бірқатарын орындайды. Пошташылар жаңа жүйеге бейімделіп жатыр. Бұрын телеграмманың қайдан келгенін, кім жібергенін, қандай мекен-жайға баратыны қолмен толтырылатын. Қазір бәрі автоматты режимге көшті. Ата-әжелер зейнетақыны банкоматтан алады. Бұрын бұл қызмет түрлерін пошташылар көрсететін. Десек те жұрт жаппай интернет әлеміне енгенімен, аға буын өкілдері әлі де баспасөзге тапсырыс береді. Технология қаншалықты дамығанымен, поштаның орнын ештеңе алмастыра алмайды, — дейді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.