ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпДенсаулық

ДЕНІМ САУ БОЛСЫН, ДЕСЕҢІЗ…

Адам денсаулығын статистикалық деректерге сүйене отырып зерттеген дүние жүзілік ғалымдар мынадай ортақ пікірге келеді.
Денсаулықтың ең үлкен 50 пайызы — адамның өмір сүру салтына, 20 пайызы — тұқым қуалаушыққа, 20 пайызы — сыртқы ортаға және 10 пайызы ғана медицинаға байланысты екен.
Денсаулығымыздың тең жартысын құрап тұрған өмір сүру салтына келсек, ол ең үлкен және күрделі ұғым.
Өмір сүру салты адам жаралған сәтінен басталып соңына дейін жалғасады. Туа сала басталады дейтініміз алғашқы кездегі баланың денсаулығы ана сүтіне тікелей байланысты. Нәрестені туа сала анасының кеудесіне бермесе, ол қажетті уызға жарымай қалады.
Ал, ана сүтінің уызында балаға қажетті қоректік заттармен қатар, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы күресетін антиденелер де бар.
Ғалымдар ана сүтін қанша зерттегенімен, ана сүтінің стерильділігі мен қарынға дәл жағымды жылылығын айтпағанда, оны нақты алмастыратын табиғи немесе жасанды сүт құрамын таба алмай отыр. Сондықтан, баланы кем дегенде бір жасқа толғанша ана сүтінен айырмаған дұрыс. Жас нәрестені күтуде күн сәулесі мен таза ауаға шығару да ерекше орынға ие, күн сәулесі нәресте терісі арқылы түзілетін «Д» витаминіне жағымды әсер етсе, таза ауа бала организмін аса қажетті микроэлементтермен қамтемелеуге әсер етеді. Әсіресе, қазақ ұлтының ауылдық жерлерінде көп кездесетін балалардың рахит ауруы (оны баланың желке шаштарының түсуі мен өсе келе аяғының қисаюынан анық білуге болады), осы жағдайларды өз дәрежесінде ескермеуімізден болады.
Ауылдық жерлердегі үйлердің, әсіресе бұрынғы жатаған үйлердің, күн сәулесі түсетін терезелерінің кішкентайлығын айтпағанда, олардағы ашылатын желдеткіштердің болмағандығы бәріміздің денсаулығымызға кері әсерін тигізбей қоймады. Қазіргі кезде, баланың денсаулығына қатты мән беретін дағдылар, олар дұрыс күн тәртібін қалыптастыру мен тістерін күтуді үйрету мен қадағалау. Кемінде 8 сағат ұйықтамаған, соның ішінде түнгі ұйқымен ұйқысын қандырмаған баланың білім алуға деген қабілеті төмендейді.
Бала түнгі ұйқыға сағат 21-ден көп аспай, ең әрі кеткенде сағат 22-ге дейін жатуы керек, өйткені, ғалымдардың зерттеулері бойынша ең терең ұйқы болып, түнгі 00-ге дейінгі ұйқы уақыты саналады екен.
Күннің көзі шыққаннан кейінгі ұйқылар қанша ұзартылса да, түнгі ұйқыға жетпейді. Өмір сүру салтында ең бірінші және маңызды болып саналатын дағды, ол — ұйықтауды, соның ішінде түнгі сағат 22-ге дейін ұйықтауды жүйелендіріп қалыпқа келтірген дұрыс.
Тістің күтілуіне мән беру дегеніміз, ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс жасауына тікелей әсер ету. 32 тіс сау болып, ас дұрыс шайналып, өз дәрежесінде ұнтақталатын болса, ішек-қарындардағы ас қорыту жүйесінің жұмысы жеңілдейді, екібастан кариесі бар тістен тарайтын инфекцияларды айтпағанда. Ал, ас қорыту жүйесі жұмысының дұрыс болуы, организмге керек аса қажетті заттар мен витаминдерді, әрине жейтін тағамымыздың құнарлығына байланысты, қанымызға өз дәрежесінде жеткізіп беру кепілі болып саналады.
Өсе келе баланың дене шынықтыру мен спортпен айналысуына көңіл бөлу керек, дене шынықтыру тірек-қозғалыс аппараты, жүрек-қантамыр жүйесі және тағы басқа органдардың жетілуіне жақсы әсер етсе, спорт бос уақытын тиімді өткізуге, сонымен қатар өзін-өзі қорғауына, денсаулығының одан әрі нығаюына әсер етеді.
Есейген шақта, ең бастысы денсаулығымызға кері әсер ететін жаман әдеттерден (темекі тарту, алкогольдік ішімдіктер ішу және т.б.) аулақ болған жөн. Өйткені, осы жаман әдеттер, соның ішінде темекі мен алкогольді заттарға шектен тыс әуес болу, денсаулығымызды дұрыстауға тырысқан игі шараларымызды мейлінше кері шегеретін өмір сүру дағдысы болып саналады. Ұдайы шылым шегу дағдысының зардабы, басқа органдарға келтіретін зияндылықтарын айтпағанда, тыныс алу органдарының, соның ішінде қолқаның жұмысын қайтіп орнына келместей бұзып, ақыры өкпе рагіне шалдықтыруы әбден мүмкін. Ал, адамның алкогольді жүйелі тұтыну арқылы өзін алкоголизм ауруына шалдықтыруын, өз өмірін өз еркімен қорлыққа бұрды деп санаса да болады.
Біздерге, аса қажетті дағдының бірі — дұрыс тамақтану. Өйткені, дұрыс тамақтану ересектерге өнімді еңбек ету, балаларға дұрыс жетіліп жақсы білім алу үшін, сонымен қатар оларға түрлі ауруларға, суықтарға, табиғаттың басқа да тосын жағдайларына төтеп беруі үшін керек.
Бұндай тамақтануды медицинада рациональдық тамақтану деп атайды. Рациональдық тамақтану энергетикалық тепе-теңділікті, баланстық қоректікті және тамақтану режимдерін сақтаулардан тұрады.
Осы аталған тамақтану талаптарын сақтамасақ, организмнің қалыпты жұмыс жасауы бұзылып, түрлі аурулардың пайда болуына жол ашылады.
Мысалы, энергетикалық тепе-теңдікте тамақтану дегеніміз, тамақты жас және жыныс ерекшелігіне, сонымен қатар атқаратын жұмыстың немесе қозғалыстың ауыртпалығына байланысты қабылдау. Ересек адамдар, соның ішінде 40 жастан жоғары ересектер, өзінің қозғалысына сай тамақтанбаса, артық салмақ қосып, семіздік ауруына ұшырайтыны сөзсіз. Өйткені, үлкейген сайын организмдегі жыныстық гормондар, сонымен қатар қозғалыстар да азая түседі, соның салдарынан артық қабылданған қорек жанып энергияға айналмай, майларға айналып әрбір органдарға жинала береді. Жиналған май, қандай органның болмасын функциональдық қызметтерін бұзатыны айдан анық. Өкінішке орай, қазіргі уақытта, ересектермен қатар жыныстық гормондары қалпында болатын жастар арасында да толысу факторлары көбейіп келеді. Артық салмақ жинау, ең бастысы жүрек-қантамырлар ауруларының, соның ішінде жүрек инфарктісінің ерте пайда болуына басты себепкерлердің бірі болады. Ал, баланстық қоректік тамақтану — дастархан мәзірінде әрі құнарлы, әрі витаминдерге бай тағамдарды жүйелі түрде пайдалану деген ұғымды білдіреді. Ал, «Витамин» деген сөз латын тілінен аударғанда «өмірлік аминдер» деген мағына береді. Витаминдер адам организмінің қалыпты жұмыс жасауына жауапты болып табылатын түрлі гормондардың түзілуіне тікелей әсер етеді. Мысалы, Кеңестер Одағы кезінде осы жағдайды ұстану мақсатында асханаларда әрбір бейсенбі «балық күні» деп саналды. Балық тағамының құрамында басқа қажетті заттармен қатар, ретинол немесе А витамині көп мөлшерде болады. Витамин А көру органдарымыздың жұмысын, әсіресе кешкі қараңғылық кезінде көруімізді жақсартады. Адам организміне аса қажетті витаминдер, әсіресе дүкендерде тұрып қалған көкөністерде емес, бақшадан жаңа жұлынған көкөністерде жақсы сақталады. Дамыған мемлекеттерде көкөністің бағасы жұлынған уақытына, тіпті жұлынған сағатына байланысты бағаланып сатылады. Сондықтан, Ойыл орталығындағы бұрынғы бақшамызды қалпына келтіруіміз, ал, ауылдық округтерде мал бағумен қатар, бақша егуді де қолға алуымыз қажет. Турасын айтатын болсақ, Шестаков Николай мен Мамедов Мәлік ағаларымыздан үлгі алып, олардың қатарын толықтыруымыз керек. Сонда ғана, Ойыл тұрғындары, соның ішінде елімізді көркейтетін балаларымыз витаминдері дұрыс сақталған көкөніспен толық қамтылып, болашақта қоғамға пайдасы мол азамат болып өсері сөзсіз.
Тағы бір маңызды өмір сүру салтының бірі – қозғалыс, яғни жаяу жүру, атқа міну және басқа да қозғалыстар. Қазіргі уақытта, қозғалысты көбейтудің ең дұрыс жолы, ол – дене шықтыру мен спорт. Бұл салада үлгі тұтатын тұлға – Ғалиакбаров Белал деген азаматымыз.
Ол жоғарыда айтылған жаяу жүру мен спорт залға жүйелі түрде баруды, өзінің өмір сүру дағдысына айналдырған азамат.
Жоғарыдағыларды айта келе, біздер, Ойыл ауданының тұрғындары, денсаулығымыз дұрыс болсын десек, ең бастысы өмір сүру салтымызды дұрыстауымыз қажет.
Өмір сүру салтына енгізетін, медициналық тұрғыдан дәлелденген адам организміне пайдалы мағұлыматтар өте көп, бірақ олардың бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес.
Бұл мақала Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің «Аурулардың прфилактикасы және саламатты өмір салтын қалыптастыру» деген талабын жүзеге асыру мақсатында жазылып отыр.
М. ДОСОВ,
Ойыл аудандық ауруханасының дәрігері.

Басқа жаңалықтар