ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

БАСТАУЫШТАН БЕРЕТІН АҒАЙ

Данышпан Абайдың, «Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», — деп айтуында бір үлкен терең ой жатыр. Бірақ, бүгін біз балаға «ақырын жүріп, анық басуды» үйретуді апайларға итеріп салдық.
Соңғы қырық жылдан бері мектеп негізінен тек «апайлардың» ордасы. «Ағайлар» тек НВП мен д/шыдан береді. Жаңа жылда Аяз ата болатын да, Наурызда Қызыр баба болатын да сол екеуі. Ал, бастауыш класс «апайлардың» басыбайлы меншігі болып кеткелі қай заман?
Ұстаз деген ұлы мамандықтың арқалар жүгі тым ауыр. Алайда осы мамандықты игеріп, саналы ғұмырын өзгенің перзентіне білім берумен өткізетін асыл жанның дені нәзікжандылар екені жасырын емес. Қай білім ордасына бас сұқсақ та, ұстаз қауымының басым бөлігі әйел адам екенін байқаймыз. Ал бала тәрбиесінде ер адамның да орны ерек. Жоғары сыныпқа сабақ беретін ұстаздардың арасында ер азаматтардың бары рас. Ал, бастауыш сыныптағы мұғалімдер ортасынан оларды кездестіру қиын. Бірақ, жас өскінге қалам ұстатып, партаға қалай отырудан бастап үйрететін Ойылда бастауыштан беретін ағай бар. Көзіміздің үйреніп кеткені сонша, сырттан қарағанда тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, білім ордасына тарыдай болып енген бүлдіршіндерге ағайдың әріп танытып, қалам ұстатып, көркем жазуға баулығаны қызық сияқты көрінетін шығар… «Білімнің негізі – бастауышта» десек, жан-жақтарына таңырқай қарап, жүрексіне мектептің табалдырығын аттаған баланың алдынан ағайдың шыққаны да біртүрлі сияқты көріне ме? Жоқ. Ешқандай да бір түрлі емес екен. Ерсайын ағай қырық жылдық еңбек жолында Ойыл ауданының Көсембай ауылының балаларына 30 жылдан бері білімнің негізін «қалап» келеді. Әрине, арасында мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры болған сәттер де бар…
Қасым Аманжолов ағамыз «Мектеп – кеме, білім — теңіз» деп тектен-текке айтпаған-ау, сірә? Ал, кемеге білікті капитан керек. Білікті капитан ол – бастауыштың мұғалімі. Қазір капитанның көбісі апай болып кетті… Ал, біздің кейіпкеріміз Ерсайын Аққошқаров та қырық жылдық еңбек жолында қаншама шәкірттің көзін ашып, көкірегін оятып, білім нәрімен сусындатып, ілімнің іргетасын қалады?! Отыз жылдан бері бір ауылдың балаларына оңы мен солын танытып, бойларына білімнің жарық сәулесін сыйлап, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулып келеді…
Ерсайын Құрылысұлы осыдан тура алпыс жыл бұрын Ойыл ауданының Ақжар ауылында туды. Бала қиялы алғашқы ұстазы Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырбек Алдабергеновке «Болмаса да, ұқсап бақты». Өзі «Егер адамның жүрегінде ізгілік, мейірімділік сәулесі болса, ол — мұғалімнің еңбегі. Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі — ұлы еңбек», — деп алғашқы ұстазын еске алды бізбен әңгіме барысында.
Иә, әріп танымай, қолға қалам ұстамай келген бүлдіршінді үлкен әлемге жетелеу оңай дүние емес. Қарапайым қағидалармен қатар, білім мен тәрбиені қатар меңгерту нағыз шеберлікті талап етеді. Бастауыш сынып оқушылары үшін мұғалім олар еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Жүрек қалауын тауып, қызметін «мамандықтың төресі» деп бағалайтын Ерсайын ағай осы бір ғажайып қызметін басқа мамандыққа алмастырмай, алпысқа келді. Жүрісі тік, сырт көзге сөзге сараң сырбаз жігіт тек мұғалімдікпен шектелмейді. Рухани дүниесі бай дегенде, домбыраның шанағынан күй төгілткен шебер күйші. Күй тартуды ауылда өзінің табиғи қабілетімен үйренгенімен студент кезінде атақты Нұрпейіс ақынның ұлы даңқты күйші Момын Байғаниннен дәріс алып, орекстрдің құрамында ойнады.
Ауылда тұрып та бәріне қол жеткізуге болатынын ісімен дәлелдеді. Аудандық деңгейді айтпағанның өзінде бір басына жететін атақ-даңқы бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Облыс әкімінің «Ең үздік бастауыш класс мұғалімі», Республикалық «Үздік сынып жетекшісі» олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, республика бойынша «Ең үздік 100 ұстаздың» қатарына енді. «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы».
Облыстық, республикалық конференцияларды былай қойғанда, 2019 жылы сәуір айында Прага қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Бастауыш буынға STEM технологиясын енгізудің қажеттіліктері мен мүмкіндіктері» туралы баяндама жасады. Іс-тәжірибесін үнемі ізбасар әріптестерімен бөлісіп отыратын ол облыстық, республикалық арнаулы басылымдарға жариялап отырады.
Шәкірттерінің де жетістігі аз емес. Республикалық интеллектуалдық ойын-конкурстары мен зияткерлік олимпиадаларда топ жарған шәкірттерінің алды бүгінде үлкен белестерді бағындырды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар