Басты тақырып

Белсенді болу — берекені кетіру емес!

Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері өткен жұма күні Саралжын ауылдық округінің орталығы Кемер және Шиқұдық ауылдарында жалғасты.

Негізінен ауданның осы жылдың алты айындағы даму көрсеткіштеріне тоқталған әкім Саралжын ауылдық округіне қатысты мәселелерге көбірек көңіл бөлді. Өйткені, жол бойындағы ауыл – ауданның қақпасы іспетті. Сондықтан, уақыт ағымына орай игіліктер алдымен осы жақтан бастау алады. Ал, Саралжын ауылдық округінің кәсіпкерлері ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына белсенді атсалысып жатыр. Тұрғындар негізінен іргедегі Ойыл – Қобда жолының қазіргі жайына алаңдаушылық білдіріп отыр. Еңбек ардагері Өтесін Қошқаров ауылдық округтерге қажетті кадрларды қамту туралы ойын жеткізсе, ауыл ақсақалы Жақсылық Бисалиев берекенің бірліктен басталатынын айтып, елді ынтымақпен іс қылуға шақырды.

Шиқұдық ауылындағы кездесуде тұрғындар негізінен ауылдың жолы мен малдың өрісі толғандыратынын айтады. Мемлекеттік бағдарламамен ауылшаруашылық техникасын алуға тырысқандар жолын сұраса, ұялы байланыстың сапасын алға тартқандар да болды.

Р.S. Белсенді болу — берекені кетіру емес! Бұл бүгінгі екі кездесуден түйген ой. Таңертеңгі Саралжындағы кездесуге Шиқұдықтан «шауып» барғандар Шиқұдыққа барғанда соңымыздан тағы «қуып» барып, «жырларын» жалғастырды. Тырнақ астынан кір іздеп, іріткі салу абырой бермейтін іс. Бірақ, Абайша айтсақ, атаулы көмекпен «Тамағы тоқ, көйлегі көк», басу айтқанды «бас салғысы» келіп тұрған кейбіреулер «Өзінің басындағы мұнарды емес, кісінің басындағы тұмарды көруге» тырысады…

«Қыстың қамын жазда ойлайтын» жұрт «маңызды науқанда» қапылып жатқанда, тепсе темір үзетін еркектердің «екі қолы алдына, тілдері аузына сыймай» жиналыс қуып жүруі нені білдіреді? Мұндай белсенділіктің «берекені кетіргеннен» басқа берері жоқ!

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Кемер – Шиқұдық — Ойыл.

Басқа жаңалықтар