ӘлеуметБасты тақырып

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ БАЯУ?

Бұл бәріміздің көкейімізде тұрған сұрақ. Күн өткен сайын қысқы қатынасты айтпағанда, келер жылы көктемде биылғы күйімізге де зар боламыз бадеп ойлаймыз. Рас, Ойылға кіреберіс жолдағы үлкен көпір құрылысы жүріп жатыр. Бірақ, қарқыны біз күткендегідей емес. Сондықтан, біз осы және басқа да аудандағы жолдың жайына орай сауалды Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айнат Қазмағамбетовке қойдық.

-Әрине, көктемгі су тасқынының салдарын бір-екі айда жойып, қалпына келтіру мүмкін емес. Алдымен көпірге байланысты айтар болсам, ең бірінші су тасқынынан кейінгі жағдай зерделенді. Арнаулы мамандары келді.
Солардың техникалық негіздемесі негізінде жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда құны 4 194 млн. теңге көпірдің құрылысын бастау үшін көне көпірді бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, көтергіш кранды орналастыру үшін көпірдің оң қапталында арнайы алаң жасақталуда. Алаң жасақтаудың ұзаққа созылуының басты себебі – бұрын жазда кешіп өтетін жерлер көктемгі су тасқыны кезінде құмы көшіп, кейбір тұстары тоғыз метрге дейін тереңдеп кеткен.Қазіргі күні көпірдің бетіндегі плиталарды алатын кранды бөлшектеп әкеліп жатыр.
Ол кран осы жасақталған алаңның үстінде құрастырылады.
Содан кейін барып негізгі жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі таңда осы көпірдің мердігері «ТенгизСтройСервисГрупп» ЖШС-і қысқа дейін жаңа көпірдің үстімен қатынасты қамтамасыз етеміз деп уәде беріп отыр.
Жұрттың үкілі үмітін арқалап, келешекке деген сенімін нығайтып келе жатқан осы құрылыстың қарқыны көңілдегі күдікті сейілтер емес. Әрине, халықты көпірдің жайы алаңдатуы заңды. Ауданның күре тамыры саналатын көлік жолынан басқа қатынасы жоқ Ойыл үшін бұл көпірдің маңызын айтып жату артық. Өйткені, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін салынған уақытша көпірге дейінгі жолдың жайы да мәз емес. Сондықтан, уақытша көпір үшін салынған жолдың бетін қатқылдандыру үшін қиыршық тас төсеу қолға алынғалы отыр.
Р.S. Енді он күннен кейін күнтізбе бойынша күздің айы басталады. Бірақ, биыл жаз бойы сан құбылған ауа-райы межелі жұмыстарды жоспарлы жүргізуге кедергі болмасына кепілдік жоқ!
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар