ӘлеуметБасты тақырып

ШАРУАСЫ ШИРАҒАН ҚОЖАЛЫҚ

«Мaл бaққaнғa бiтeдi» дeгeндi бұрынғылap бeкeргe aйтпaсa кepeк. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда күннің ыстығымен қоса биылғыдай жылы малдың ауру-сырқауымен «алысатын» бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. Біреуі мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады.
Шығанақ Берсиев округінде 70-ке жуық шаруа қожалық бар. Мал басын төлі есебінен көбейткен шаруалардың тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек те болады. Біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз ірі қара малы мен Қамбар ата тұқымын бағып отырған азамат Еламан Өтемісов Қаратал ауылында тұрады. «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» — демекші, ауылдағы маңдай алды шаруашылықтардың бірі саналатын «Ақбота» шаруа қожалығы 2000 жылы құрылған. Мал шаруашылығымен айналысады.

— 2015 жылы және 2018 жылы несие алып, шаруамызды өрістетіп отырған жайымыз бар. Қазір үш отбасы осы шаруа қожалығынан ырзық-несібесін айырып отыр. Қазіргі таңда, елудің үстінде ірі қара, жиырма алты жылқы ұстап отырмыз. Сонымен қатар, Камаз бен трактор секілді техникаларды шаруамыздың тірлігіне пайдаланамыз. Шүкір, жеке кәсіптің арқасында ұлдарым мен немерелерім жұмыс жасап жатыр, – дейді «Ақбота» шаруа қожалығының негізін қалаған Еламан аға.
2018 жылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 2,5 млн. теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуға күш салған.
Шаруашылықта «МТ3 82.1» маркалы трактор, тіркеме, т.б. шөп тайлауға арналған қосалқы техникалар бар.
— 2000 гектар жеріміз бар. Жыл сайын малымызға өзіміз шөп шауып аламыз. Қазір шөп шабу науқаны қызып жатыр. Биыл шөптің шығымы жақсы. Жалпы шаруашылық жайы жаман емес, жыл сайын мемлекеттен малға да, техникаға да, шөпке де субсидия аламыз. Қазір шаруашылықты дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз,  — дейді ол.

Мал шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, шаруаға төселген жігіттің алдағы жоспары да аз емес. Мал басын көбейтіп қана қоймай, оны асылдандыру. Ол үшін тынымсыз еңбек ету қажеттігін Еламан ағамыз жақсы түсінеді.

Алдағы уақытта шаруа қожылығының басшысы мал басын көбейтіп, оларды асылдандыруды, сонымен бірге шаруашылық техникаларын жаңартуды жоспарлап отыр.

Малды асылдандырмай, ірі қараның тұқымдық қорын жақсартпай, одан жоғары өнім аламын деу бос әурешілік. Асылдандыру жұмысы – барлық табыстың бастауы. Онсыз малдың басы да, пайдасы да артпайды. Шаруашылықты дамытып, ірі қара санын көбейтсем деймін. Әзірге барлық жұмысты отбасымызбен жұмылып жасап жатырмыз. Қазір мал бағып, шаруа істегісі келетіндер аз, — дейді.

Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген отбасы мүшелері бұл күнге, осы деңгейге өз еңбектерімен жеткендігін айтады. Екі ұлы әкелерімен бірге шаруашылықтың тізгінін ұстап келеді. Оның айтуынша, бүгінде қожалықта 3 адам жұмыс істейді. Шаруашылықтың қыстағында су да, жарық та бар.

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Ақбота» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар