ӘкімдікБасты тақырыпЭкономика

КҮРЕ ЖОЛ «МҰРАТҚА» ҚАШАН ЖЕТКІЗЕДІ?

Ойыл халқы үшін соңғы жылдары жолдың «жыры» қайта жаңғырды. Ойылдың үш жыл қатарынан арнасына асуы – бізді тағы да «жол азабын жүрген біледі» деп мәтелдеуге мәжбүрледі.
Тақырыптағы сұрақтың тікелей қойылуы да түсінікті шығар. Әне-міне дегенше, күздің алғашқы айын да аяқтадық. Аудандағы ең күрделі құрылыс көпірдің құрылысына түсіністікпен қарап отырмыз. Әрине, әзірге! Уақытша көпір арқылы жолмен қыста қатынаудың қиындығын айтпағанда, жазда жаңбыр жауса-ақ «тар жол, тайғақ кешудің» күнін кештік. Сондықтан, өткен ғасырда өмір бойы күре жолдың үстінде көрген бейнетімізбен қайта қауышамыз ба деген қауіп бар! Барлық жерде жұмыс басталды. Бірақ, баяу! «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, күн өткен сайын кейбір жұмыстардың қарқынына «қарнымыз ашып», қаупіміз күшейе бастады! Мәселен, бір ғана Саралжын ауылының қасындағы көпірдің екі бетіндегі жұмысты жаз бойы жасап жатыр. Әлі аяқталған жоқ. Ондағы жұмыс енді қарқын алды. «Ойыл – Қаратал» жолындағы жөндеу жұмысының да қарқыны күн қысқарғасын күшейе бастаған сияқты.
Қыркүйек айы туғасын Қаңқайдың үстіндегі жолға жөндеу басталды. Бес шақырым жолдың күрделі жөндеуін жүргізіп жатқан «Kaspian Bitum» ЖШС-інің өкілдері қазіргі таңда жолдың астыңғы қабатын төсеу толық аяқталғанын айтады. Сондықтан, жеңіл көліктерге жолдың үстімен жүруге мүмкіндік беріп отыр. Жүк көліктері бұрынғыша айналма жолмен жүріп жатыр. Айналма жол демекші, оның жайын айтып, «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген жол азабын көрген жүргізушінің жанайқайын әзірге еститін ешкім болмай тұр!
Көптің мұңы — шұңқырға айналған жолдың ішіндегі майлы топырақ борағанда алдыңда не келе жатқанын білмейсің! Мердігерлер осы қазан айының ортасында бес шақырым жолды толық аяқтаймыз деп отыр. Ал, бізде сөзге сенуден басқа амал жоқ!
Күздің бірінші айы бітті. Бұдан былай ауа-райы бізге де, жолды жөндеп жатқандарға да қолайлы бола бермейтіні белгілі. Күре жол бізді «мұратқа» қашан жеткізеді?
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

 

Басқа жаңалықтар