ӘлеуметЭкономика

«ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ»АҚШАТАУДА АУЫЛДЫҚ КЛУБ АШЫЛДЫ

ӨТКЕН СЕНБІ КҮНІ АҚШАТАУ АУЫЛЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН БОЙ КӨТЕРГЕН АУЫЛДЫҚ КЛУБТЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ. КЛУБТЫҢ ЖАҢАДАН САЛУЫНУЫНА АУЫЛ ЖАНАШЫРЫ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, «ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» ТҰРАР ШЕРИЯЗДАНҰЛЫ МЕН ОБЛЫСЫМЫЗДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЛИНИКАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ТӨЛЕУ САПАРОВ БАСТАП, АУЫЛ АЗАМАТТАРЫ МЕН ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ ДЕМЕУШІЛІК ЕТТІ.

Елдің жанашыр азаматтары әр тасын өз қолдарымен қалап, толықтай басы-қасында болды. Ғимараттың салынуына ел ағаларынан, халықтан 2 млн. 419,0 мың теңге жиналып, аудан басшыларының қолдауымен жергілікті бюджеттен 9,0 млн теңге қаражат бөлінді.
Шараның шымылдығын Төлеу Тынышұлы ашып азаматтарға үлкен алғысы мен жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Займолдин құттықтау сөзін арнап, Ақшатау ауылдық клубының құрылысына өз үлестерін қосып, демеушілік танытқан азаматтарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Азаматтарға аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың Алғыс хаты, «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналиннің Алғыс хаттары табыс етілсе, мәдениет ошағы — клубтың бой көтеруіне жәрдемдескен азаматтар Ойыл ауылдық округінің әкімі Артур Аманғосовтың алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада жаңа ғимараттың лентасын ауылдың жанашыр азаматтары Төлеу Тынышұлы мен Мінсізбай Сайынұлы қиды. Ақ жаулықты аналарымыз шашу шашып, шара мерекелік ән-шашумен жалғасын тапты.
Еске сала кетсек, Ақшатау ауылдық клубы 2019 жылы ауыл халқының асарлатып, бастама көтеруімен қаланған болатын. Сол жылы жиналған қаражатқа құрылыс материалдары алынып, ауыл тұрғындары іргетасын кұйып, қабырғасын көтеріп қойды. 2020 жылы әлемде короновирустық инфекцияға байланысты пандемия орын алып, құрылыс жұмыстары тоқтап қалған еді. Бірақ, кейіннен тұралаған құрылыс жұмыстары қайта жалғасып тапты. Қаңқасы қаланған ғимаратқа ауыл жанашырлары, жырақтағы жерлестеріміз қаржы бөліп, өз деңгейіндегі жұмыстардың аяқталуына атсалысты. Ауыл жастары мен балалардың өнерінің шыңдалуына, бос уақыттарының тиімді өтуіне және ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосатын ғимарат құрылысына қолдарынан келген көмегін аянып қалмады.
Ауылдық клубтың ашылу салтанатында сөз алған осы клубтың құрылысының басы-қасында жүріп, құрылыстың ойдағыдай аяқталуына ұйытқы болып, шаруаны ұйымдастырған ауыл ағасы Сәкен Қосжанов сақалды құрылысты екі жылда еңселі үйге айналдырған ауылдастарына алғысын айтты.
P. S. Cалтанатты сәттен соң қуанышқа жиналған жұртшылық ауыл сыртындағы бәйге алаңына қарай ағылды. Мұнда ауылдағы клубтың ашылу салтанатына орай осы ауылдың 1971-81 жылдары туған жігіттер ат шаптырып, спорттық жарыстар ұйысдастырып. Қонақтарға ас берді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Ақшатау – Ойыл.

Басқа жаңалықтар