Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыру
«АТЫМТАЙ» АҒАЛАРДЫҢ АНАЛАРҒА СЫЙЫ
Тұтқиылдан келген тасқын су барлығымыздың есімізде болар. Ауданымызды әбігерге салған су тасқынының салдарын жою әлі де жалғасып келеді. Табиғи апаттан зардап шеккен халыққа көмек көрсетуде ауданымыздың кәсіпкерлері де күш біріктірді. Жомарт жандар қауіп сейілген соң да көмек көрсетулерін тоқтатқан жоқ.
Көктемгі су тасқыны кезінде ауданымыздың ауылдары зардап шеккенін барлығымыз ұмыта қойған жоқпыз.
Қарғын судан Қаратал ауылының өзінде 210 үй жарамсыз болып қалды. Осы бір аралықта табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсететін штаб құрылып, тасқын салдарын жою барысында жұмыстар атқарылды. Зардап шеккен жерлестерімізге қаржылай көмек беріліп, жаңа баспаналар салынды. Көрсетілген көмекке халқымыз дән риза.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайға байланысты штаб жұмысын аяқтады.
Алайда, шешуін таппай қалған мәселелер де бар.
Өздерінің үйлері болмағандықтан, ағайындарын сағалап жүрген 4 балалы ана Гүлжан Сарбалина және 3 балалы ана Сара Майко баспанаға қол жеткізе алмаған болатын. Жалғыз басты аналардың жан айқайын естіген ауданымыздың жомарт жандары қолұшын созды.
Атап айтсақ, «Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі мүшелерінің демеушілігімен Қаратал ауылынан жалғызбасты аналар Гүлжан Сарбалина және Сара Майко қаржылай көмекке ие болды. Қолұшын созған ауданымыздың кәсіпкерлері.
Жомарт жандардың аманатын арқалай келген бір топ азамат көрсетілген көмектің сертификатын мұқтаж аналарымыздың қолдарына өткен сенбі күні аудан әкімдігінде табыс еткен-ді. Көрсетілген көмекке риза болған аналар қиын сәтте қол ұшын созған жандарға жылы лебіздерін арнап, алғыстарын жеткізді. Осыған дейін де ауданымыздың қолы ашық, жомарт жандары су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге көмектерін барынша көрсетіп келеді.
Жақынын сын сәтте жалғыз қалдырмайтын, қолынан келгенін аямайтын кәсіп иелерін бүгінгі күннің Атымтай Жомарттары десек қателеспейміз.
Р. S. Дүйсенбі күні екі азаматшаның атына «Отбасы банкінен» есепшоттары ашылып, баспана алуға алғашқы жарна ретінде салынды.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.