Ауыл — ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖҮРЕГІ
Қазақстан халқының саны 20 млн. адамға жетті, халықтың шамамен 38,2%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Жылдан жылға бұл көрсеткіш төмендеп келеді.
Дегенмен бұл үдеріс жақын уақытта толығымен орындалмасы анық. Ал, қазір еліміздің қозғаушы күші және шаруашылықтың қызған ордасы осы ауылдарымыз. Сондай себеппен рухани мәдениеті мен ауылдық өңірлердің әлеуметтік дамуын қолдау мақсатында өткен аптада «Қазақ мәдениетінің жүрегі: ауылдың рухани жаңғыруы» атты үгіт поезді Қараой және Сарбие ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындары мен жастарға арнайы шығармашылық бағдарламаларын ұсынды.
Бұл бастама еліміздің мәдени құндылықтарын сақтау, ауыл тұрғындарының рухани жан дүниесін байыту және олардың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды рөл атқарады. Үгіт тобының ұйымдастырушысы Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі кештің ауыл тұрғындарына тигізетін оң әсер етеді деп үміттенеді. Шара барысында ауыл тұрғындары мәдениет пен білімнің жаңа қырларымен танысыты, жастардың қоғамға қосатын үлесі жайында жаңашыл ақпараттар алды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп ашқан жастардың табыстары көпшілікке үлгі ретінде көрсетілді, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жүрген жастар өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары жылына орай, мамандығын мақтанышына айналдырған жастар өз кәсіптерінің артықшылықтары мен қиыншылықтарын жайында әңгіме өрбітті.
Шара аясында Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері ауыл тұрғындарына арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме барысында түрлі әдеби ойындар өткізіліп, белсенді деп танылған қатысушыларға кітап сыйға тартылды.
Бұл жиында жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Арт-терапия мен өнер арқылы жастарға өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тренингтер ұйымдастырылды. Жастардың қиялынан туған суреттер көрмеге қойылып, үздіктеріне сый-сияпаттар табысталды.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ауыл жастарының ән шашулары мәдени кештің көркін қыздырды. Ал шараның соңы спорттық ойындармен жалғасын тапты. Қараой ауылында үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылса, Сарбие ауылында ұлттық ойынымыз ләңгі тебу бойынша жарыс өтті. Жарыс жеңімпаздарына арнайы жүлделер табысталды. Бұл шара одан әрі басқа ауылдық окугтерде де жалғасын таппақ.