БілімРухани жаңғыруЭкономика

ОЙЫЛДАҒЫ ОҚУШЫЛАР ҮЙІ –ЖАС ДАРЫНДАРДЫҢ ОРДАСЫ

Бүгінгі қоғамда жас жеткіншектердің интеллектуалды дамуы мен кәсіби бағдарлануына мектептен тыс білім беру жүйесінің маңызы зор. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан ұйымдардың бірі – Ойыл аудандық оқушылар үйі.

Бұл мекеме аудан оқушыларының бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, жаңа қырларын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Балалардың қиялымен оңаша қалуына жағдай жасайтын оқушылар үйінің басты мақсаты – балалардың бойындағы ерекше қасиеттерін дамытып, олардың азаматтық көзқарасын кеңейту, көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру. Мұнда тәрбиеленушілерге патриоттық сезімді ұялату, рухани құндылықтарды сіңіру, мейірімділікке баулу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Оқушылар үйіндегі үйірмелерге қатысатын жасөспірімдер аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Олардың жетістіктері – ұстаздарының еңбегінің жемісі.
Мұнда жұмыс жасайтын педагогтер әр баланың жеке тұлға ретінде дамуына ерекше көңіл бөледі. Баланың шығармашылық әлеуетін ашу үшін түрлі заманауи әдіс-тәсілдерді қолданады. Бұл іс-шаралар балалардың жүрегінен орын тауып, ата-аналардың жылы лебіздері мен қолдауларын тауып жатады.
Оқушылар үйінде өнерге жақын балалар үшін де түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бір дәлелі – жақында өткен «Art-Галерея: Бояу әлемі» көрмесі. Бұл шарада «Art-Бояу» үйірмесінің тәрбиеленушілері өз өнер туындыларын ұсынды. Көрмеге ата-аналар да қатысып, балаларымен бірге шығармашылық атмосфераны сезініп, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
Көрменің басты ерекшелігі – «Қалдырған ізін мәңгілік» жобасының басталуы болды. Бұл жоба ата-аналар мен балалар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған. Іс-шара барысында үздік қатысушылар марапатталып, ерекше шығармаларға алғыс хаттар табысталды.
Ойыл аудандық оқушылар үйі – тек қосымша білім беру мекемесі ғана емес, ол – жас дарындардың дамуына, олардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауына ықпал ететін үлкен орта. Жалпы айтқанда, баланың қиялына қанат бітіретін ертегі әлемі. Балалардың қолынан шыққан туындылары бұл сөзіміздің айқын дәлелі. Мұндағы әр үйірме баланың қабілетін шыңдап, өзін-өзі дамытуына зор мүмкіндік береді. Балалардың шығармашылық ізденісіне жол ашып, олардың армандарының орындалуына себепші болып жүрген педагогтердің еңбегі зор.
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button