АҚСАҚАЛҒА КӨРІСІП БАРДЫ
Ойыл ауданы Ойыл ауылына сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров ауыл ақсақалы, Мәдениет қайраткері Амангелді Жұманов- тың үйіне көрісіп барды.

80 жастағы ақсақалға сәлем бере барған Асхат Шахаров әңгіме арасында Ойылда салынып жатқан көпірдің құрылыс барысын, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды сөз етті.
Көпір құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Ойыл мен Қобда арасын жалғайтын күре жол жаңартылады.
Амангелді Рамазанұлы өңір басшысына үнемі халықтың тыныс-тіршілігін жеткізіп, ауылдың мәселелері туралы жазып отыратын жанашыр ақсақалдардың бірі. Ойыл өзеніндегі қар суының еруінен жол бұзылған кезде ақсақал Асхат Шахаровқа ауылға ескертусіз келуді сұраған еді.
Айтып өтейік, ауданға жасаған жұмыс сапарында облыс әкімі жоспарсыз бірқатар нысанға барды, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйлеріне кіріп шықты.
Сондай-ақ, Қаратал ауылындағы су тасқынына қарсы шаралармен танысып, жөндеуден өткен спорт кешенінің, жаңадан бой көтеріп жатқан балабақшаның құрылыс барысын бағамдады.