Әкімдік
Бестамаққа байланыс, Ақкемерге жол керек!
Ауыл әкімдерінің есебі Саралжын ауылдық округінде жалғасты. Алдымен «Ауданның қақпасы» саналатын Бестамақ ауылында тұрғындарға есеп берген округ әкімі Марат Тәжіғалиев өткен жылдың еншісіндегі жұмыстарды саралап, алдағы міндеттермен бөлісті.
Бестамақ ауылы аудандағы көгілдір отын құбыры тартылған аудан орталығынан кейінгі екінші ауыл. Өткен жылдың соңында орталықтандырылған ауыз су құбыры іске қосылды. Үш жыл бұрын жаңа мектеп салынды. Тек ауыл тұрғындарының ендігі тілегі – ұялы байланыс. Ол үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа тұғыры орнатылды. Ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ауылды күре жолға қосатын 1,5 шақырым жолдың мәселесі де биыл шешімін тапқалы тұр. Демек, мемлекет тарапынан мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ал, Ербол Бисенов көпшілікті толғандырып жүрген тағы бір мәселе – малдың өрісі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ауыл балаларына арнаулы ойын алаңы қажеттігін де алға тартты. Тұрғындардың талап-тілегіне орай ауыл әкімі жауап берген ауыл әкімі өріс үшін көршімен кикілжіңге душар қылып отырған малдың бағылмайтыны, «айдап салмен» жүргені екенін жасырған жоқ.
Түстен кейін Марат Тілепбергенұлы ақкемерліктерге есеп берді. Мұнда Лиза Бақытжанова ауылға газ құбыры қашан келетінін сұраса, Өтесін Қошқаров ауыл іргесіндегі шабындықты суландыру жүйесін реттеу, шабындықты малдан қору сияқты мәселелерді көтерді. Ақкемерліктердің негізгі тілегі тас жолға дейінгі 13 шақырым көтерме жолдың жайы. Бұл тілекте алдағы уақытта шешілгелі тұр.
Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан көлеміндегі өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін жою үшін тұрғындарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге жауап берді. Екі ауылдағы округ әкімінің есебіне аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин, аудандық ішік істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Дархан Ғалымжан, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәулен Төремұратовтар қатысты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл-Бестамақ-Ақкемер-Ойыл.