Сұхбат

Ұлы жеңіске 80 жыл ! МЕН ӘКЕММЕН МАҚТАНЫП,АНАМДЫ ҚҰРМЕТ ТҰТАМЫН!

Менің әкем Каримолла Сәттібаев 1923 жылы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы Саралжын ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Оның балалық шағы ауыр жағдайда жоқшылық пен қайғы-қасірет елді жайлаған кезінде өтті. Сол жылы яғни 1941 жылы 22 маусымда Герман фашизмі бейбіт елімізге тұтқиылдан шабуыл жасады. Мектеп бітірген жастарға, одан әрі жұмыс болмай қалды. Совет халқы барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін деген ұранмен майданға аттанды. Солардың бірі болып менің әкем 1941 жылы қыркүйек айында жұмысшы шаруа семьясынан қызыл армия қатарына шақырылды. Әскери дайындықтан өткеннен кейін Шығыс Украина майданында шайқасқа қатысты. Соғыста 13 танк корпусының құрамында болды. Соғысты Шығыс Пруссия майданында аяқтап, елге аман-есен оралды. Майданда «За боевые заслуги», «За победу Германий в Великой Отечественной войне 1941-1945 г» медальдарымен наградталды. Елге оралған соң, марқұм анамыз Жансұлу Жаңбыршықызымен отбасын құрып, екеуі ұрпақ өсірді. Соғыс аяқталғаннан кейін оқуын қайта жалғастырып, өмірінің соңына дейін сауда саласында басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етті. Көз көрген құрдастары, тетелес қызметтес інілері әкем жайлы өте жақсы кейінгі ұрпақтарына шабыт беретіндей жақсы естеліктер айтатын. Әкеммен Украина майданында бірге болған Қанатбай Сарсенғалиев әкеміз бейбіт өмірге оралып, менің отбасын құрып, ұрпақ өсіргенім сенің әкеңнің арқасы деп айтып отыратын. Қанатбай әкеміздің айтуы бойынша «Немістерге қарсы шабуыл жасап, көп әскеріміз шығынға ұшырады, полкымыз кейін шегінді, мен жараланып соғыс даласында қалып қойдым. Сонда сенің әкең шайқаста жараланып қалған мені шайқас басылғаннан кейін 3 шақырым жерден түнде жалғыз өзі келіп шинелімен сүйреп санчастіге жеткізіп, маған өмір сыйлады деген еді. Мен сол үшін қарызбын құрдасыма», — деп көзіне жас алатын. Міне сол марқұм әкеміздің жолдасына жасаған жақсылығы маған 80 жылдан кейін қайта оралды. Себебі мен 2022 жылы қатты ауырып, дертімнің диагнозы дұрыс қойылмай, Ақтөбе қаласына барып, «Әйгерім» емханасында сол Қанатбай әкеміздің немересі дәрігер Жайнагүл Даниярқызы Сарсенғалиеваға тап болдым. Жайнагүл қарындасым менің түрімді көріп, жанашырлық танытып, өзінің әріптестерімен ақылдаса отырып, менің дертімді анықтап, бірден ауруханаға салып, шұғыл операция жасатып, әрі қарай өмір сүруіме себепші болды. Міне сол әкемнің істеген жақсылығы алдымнан шықты сол кезде көзіне жас алып мен сенің әкеңе қарызбын деген Қанатбай әкеміздің сөзі әлі есімде… Мен сол марқұм Қанатбай әкемізге ешқандай қарыз емессіз, менің әкемнің жақсылығын бір алла қолдап, мені Сіздің немереңіздің алдына апарып, маған өмір сыйлады деп толық айта аламын! Жатқан жеріңіз жайлы, иманыңыз жолдас болғай. Марқұм анамыз айтып отырушы еді, адамға жақсылық жасасаң, өзіңе болмаса, шапағаты ұрпағыңа тиеді деп… Шын пейілмен істеген жақсылықтың еш уақытта қайтарымсыз болмайтына көзім жетті…
Әкем 1967 жылы 44 жасында бейбіт өмірде еңбек ете жүріп, ауыр науқастан қайтыс болды. Анамыз марқұм әкемізден 37 жасында 7 баламен жесір қалды. Әкеміздің аманаттарына қиянат жасамай, қара шаңырағымызды шайқалтпай, балаларын ешкімнен кем қылмай бәрін оқытып азамат, азаматша қылып өз тәрбиесін берді. Мен ол кезде 5 жаста едім. Арман інім әкеміз қайтқаннан кейін екі айдан кейін 1967 жылы сәуір айында дүниеге келді. Есімін Арман деп әкеміздің анасы Күнжамал әжеміз қойды. Анамыз марқұм мені әкемнен ерте қалғасын үнемі әкемнің құрдастарын айта отырып, бірге қызметтес інілерін үнемі мақтан тұтып, өзін сыйлайтынын қамқор көмегін аямайтынын үнемі айтып отыратын. Мені сол анамның жақсы сөздері ықпал еттіме ,балалық жігеріме күш қуат беріп шабытымды оятты ма мен мектеп бітіргеннен кейін сауда саласына қызметке орналасып еңбек ете жүріп сауда саласының оқуын бітірдім. Мен сол кезде сауда саласында істеп жүріп әкемнің құрдастары Бақыт Наурызов, Гүлбарам Жағыпарова, Мәлік Мавлюдов, Ережеп Құрманғазин, Абила Алдабергенова, тетелес іні қарындастары Хамит Жармұқанов. Жеңіс Жақасова, Бақыт Бақтыгереев, Тайжан Шаханов, Асхат Ғабитов, Темір Ниязов сияқты азаматтармен жұмыс жасап өмірлік мол тәжірибе жинақтадым. Ол аға-апаларымнан әкем жайында жақсы лебіздерін естідім. Ағай өте ақкөңіл, тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, адал орындайтын, өте таза, талапшыл, іні-кішіге аға бола білетін кіші пейіл, адамдарды алаламайтын, достыққа адал бір сөйлейтін азамат еді деген сөздерін естіп өстім. Міне әкемнің сол жақсылықтары маған жақсы өмір сүруге, адал еңбек етуге, талапшыл болуды үйретті, сауда саласында кіші қызметкерден басшылық қызметке дейін еңбек етуіме сол әкемнің көзін көрген жақсы азаматтардың жақсылығы себепші болды деп ойлаймын.
Иә, уақыт бір орнында тұрмайды. Кешегі сол әкелеріміз, аға-апаларымыз бұл өмірден өтіп кетті. Солардың кәзіргі таңда ұрпақтарын көргенде, әке, аға-апаларымызды еске түсіріп, естіген жақсы әңгімелерін, бір-бірімен сыйластықтарын айтқың келіп тұрады. Иә, өмірдің өзі уақытша, мәңгі ештеме жоқ. Сол аға ұрпақтың көзін көрген бізде зейнеткер болып шыға келдік, зымырап жатқан уақыт. Өлмесе ата-бабаң қайда кетті? – демекші, Әкенің жақсылығы кейінгі ұрпаққа қырық жыл азық деген сөз осындай өмірден алынған ба деп ойлаймын. Міне, сол сұрапыл соғыстың біткеніне биыл 80 жыл толмақшы, әкелеріміз алып берген бейбіт заманды біздер көріп, ұрпақ өсіріп, той тойлап, рақатын көріп жатырмыз…
Қонақбай КАРИМОЛЛАҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button