Сұхбат

ДЕПУТАТПЕН СҰХБАТ «МӘСЕЛЕНІ МІНБЕРДЕ АЙТУ — ШЕШІМІН ТЕЗДЕТЕДІ»

Халық арасында барлық деңгейдегі депутаттықты жалақы алатын жұмыс деп түсінетіндер әлі көп. Әрине, Парламент Мәжілісінің, Сенатының депутаттары кәсіби деңгейде қызмет еткесін тұрақты жалақы алады. Ал, жергілікті мәслихаттардың депутаттары қоғамдық негізде қызмет етеді. Яғни, нағыз патриоттар. Өз қаражаты есебінен жылдың қай мезгілі болсын шаруаларын жиып қойып, сессия отырыстарына барады. Белгіленген кестеге сәйкес ауылда тұрғындарды қабылдау өткізеді. Ал, ауылда жылдың қай уақыты да қарбалас шақ. Соған қарамастан бәріне уақыт тауып үйлестіріп жүрген №7 бірмандатты сайлау округінен халық сенімін арқалаған Тілекбай Әміровпен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Тілекбай Идеятоллаұлы, депутаттыққа түсудегі мақсат қандай еді?
— Өз басым бала күнімнен еңбекке араласып өстім. Сондықтан, ауылдың барлық мехнатын білемін. Бірақ, бір нәрсе айқын. Билік көксеп, мансап іздеп мандатқа ұмтылғаным жоқ. Басқаларды білмеймін, мен өз ісіме барынша жауапкершілікпен қараймын. Қашанда білдірілген сенімді ақтауға тырысамын. Ауылдың тұрғындары кішкентай бір мәселе туындай қалса, билікке барып, шағымданып, тұрғындардың барлығы бірауыздан қажетті дүниесін талап етеді.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, қандай проблема болса да, бәрібір ештеңе өзгермейді деп отыра берсек, ештеңе өзгермейді. «Amanat» партиясынан ұсыныс болғанда, өзімде бар екен деп отыра бермей, мүмкіндікті пайдаланып, мәселені ауыл-үйдің арасында, той-садақада ғана айтпай, елдің мұқтажын мінберден заңды жеткізуді ойладым.
— «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деп өткен ғасырдың басында Мағжан ақын айтып кетіпті. Содан бері әлі ауылды «гүлдендіре» алмай келеміз. Сіз Көптоғайды «көркейту» үшін екі жылда қандай мәселе көтердіңіз?
— Сайланған уақыттан бері бүгінгі күнге дейін өткізген 14 қабылдауыма 38 адам келіп, тұрақты жұмысқа орналасу, Көптоғай-Ойыл бағыты бойынша жол мәселесі, газдандыру сияқты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнама талаптарына сай тұрғындар мен шаруа қожалықтарының қосалқы шаруашылығындағы төрт түлік малдарына жыл сайын ветеринарлық іс шаралар жүргізуге міндетті. Бірақ, барлық жерде бірдей ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалмаған еді. Осыған орай, өткен жылы ауылдық округте ветеринариялық және басқа да іс-шаралардың уақытылы және сапалы жүргізілуі үшін, ауылдық округ орталықтарынан және елді мекендерінің екі жақ кіре берістеріне талапқа сай аула мен расколдар орнатылуларына қаражат бөлініп, ықпал етуін сұрап, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменге депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде, барлық ауылда да талапқа сай расколдар орнату жұмыстары басталды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.
— «Жол мұраты жету» дегенмен, оның «азабы» барлық ауылдың ортақ бейнеті. Ауылды бұл «бейнеттен» толық құтқару әзірге мүмкін емес. Десек те, «жеңілдетудің» қандай жолдары қарастырылып жатыр?
— Менің сайлау округіме қарасты сайлаушылардан түсіп отырған негізгі мәселенің бірі де сол — Қарасу-Көптоғай көтерме автомобиль жолы. Қарасу ауылында жалпы 250-ден астам тұрғын тұрады және сол бағытта округ орталығынан онға жуық шаруа қожалықтары орналасқан. Аталған мәселе бойынша ауылдық округтің және құзырлы мекемелердің ақпараты бойынша Қарасу-Көптоғай жолының ешқандай төлқұжаты жоқ және аудандық маңызы бар жолға жатқызылмаған. Осы орайда, Қарасу-Көптоғай жолын алдағы уақытта құжаттандыруды қажет етеді. Сондықтан, бұл мәселе де менің депутаттық сауалымнан кейін қолға алынып жатыр. Қарасу-Көптоғай жолы 2023-2024 жылдардағы көктемгі қатты су тасқыны кезінде жарамсыз болып қалды.
Осы кезде Қарасу тұрғындары округ орталығына қатынай алмай, азық-түлік, керек-жарақтарын алу үшін бір айдан астам уақыт көршілес жатқан Атырау облысының Сағыз ауылына баруға мәжбүр болды. Құжатқа қарап, қол қусырып отырған жоқпыз. Қарасу-Көптоғай арасындағы көпірдің су шайып кеткен екі жиегін бор төсеп, қатқылдандыру жұмыстары қолға алынып жатыр.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ.

Related Articles

Back to top button