«КӨРШІ АҚЫСЫ – ТӘҢІР ХАҚЫСЫ»

Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышын алдымен көршісімен бөліссе, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылған. «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келе жатқанын тілге тиек етті.
Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі – кең, пейілі – ақ, ниеті – таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік – біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек”, – деді Президент.
Ел басына күн туғанда ұлтына қарамастан қолындағы бір үзім нанын бөліскен қазақ үшін «Көршіңмен татусың ба?» деп қиямет те сұрайды екен деген түсінік бәрінен биік тұр. Сондықтан да, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді.
Болат БЕКЕТАЕВ,
Ойыл селосы.