Әнмен өрілген достық көпірі
Өткен аптада Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың аяулы қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына орай Қобда аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымы арнайы келіп, мерекелік көшпелі концерт ұйымдастырды. Бұл - ел тарихына деген тағзым мен екі аудан арасындағы достықты дәріптеген мәнді кездесу болды.

Концерттік бағдарлама көрермендерді бірден баурап, сахна төрінде Қобданың өнерпаздары ұлттық нақыштағы ән мен би арқылы Әлия бейнесін айшықтай түсті. Әрбір қойылым, әрбір ән — батыр қыздың рухына тағзым, ұрпаққа үлгі болды.
Кеш көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Әсіресе Қобда ауданынан келген өнер ұжымының жанды да шынайы орындаулары көрермендерді терең толғандырды.
«Батыр туса — ел ырысы» дегендей, Әлияның ерлігі — ел намысының символына айналып, бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық рухани бағдар болды.
Шара соңында Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин жүрекжарды лебіздерін білдіріп, Қобдадан келген өнерпаздарға алғыс айтты. Еркін Жиеналин — Қобда ауданының әнұранына айналған әннің авторы ретінде де танымал.
Осы сапарда ол өнердің ұлт пен ұрпақты біріктіретін құдіретті күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екі аудан бір-біріне естелік сый-сияпаттар табыстап, мәдени байланыстың маңызын айқындай түсті. Бұл кездесу — руханият пен татулықтың алтын көпірі іспетті.
Қобда мен Ойыл арасындағы бұл мәдени дидарласу — рухани сабақтастық пен бауырластықтың айқын көрінісі болды. Әлияның мәңгілік рухына арналған бұл кеш жүрекке ой салып, өнер мен тарихты тоғыстырған тағылымды тағзым ретінде ел жадында сақталары анық.