Рухани жаңғыру
«Туған жерге тағзым» КӘСІПКЕРЛЕР КӨПІР САЛЫП БЕРДІ
Жуырда Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округінің Шиқұдық елді мекенінде ауыл арасындағы жол қатынасын қамтамасыз ету үшін Қиыл өзенінің Ойыл өзеніне құяр сағасына ұзындығы 36 метрлік көпір салынды.
Көпірдің салынуына аудан әкімі Дастан Сағыровтың елді мекенге келген алғашқы іс-сапары кезіндегі тұрғындардың өтініші себепші болған.
Тұрғындар көктемгі су тасқыны кезінде ауылда ай жарым уақыт қатынас болмайтынын айтады. Жол қатынасы күз, көктем айларында қиындық тудырады.
Ауылдық округ әкімі Абат Мүбәраковтің айтуынша, бұл істің жасалуына «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы елді мекеннен шыққан кәсіпкерлер — «Zhappas Company» директоры Берік Көздіғарин мен «КөкжарСтройЛогистик» ЖШС директоры Сейітжан Демеуғалиев қаржылай көмек көрсеткен. Көпірдің салынуына 11,0 млн.теңге қаржы жұмсалған.
— Көпірді салу жұмыстарына Кемер, Шиқұдық ауылдарының жастары қолдай көмек көрсетті. Бүгінде ауылымызда бір негізгі мектеп, фельдшерлік пункт, ауылдық клуб жұмыс жасайды. Мектепте 42 оқушы білім алуда, мұғалімдер саны — 17. Ал ауылдағы жалпы халықтың саны — 223, — дейді А.Мүбараков.
Бүгінде округте халықты жұмыспен қамтып отырған «Спарта» шаруа қожалығы, «Тәжібай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, т.б. шаруашылық құрылымдарының негізгі жұмыс орны өзеннің арғы бетінде орналасқан. Сондықтан көктемгі далалық жұмыстардың су тасқынына байланысты кеш басталуы шаруаларға қиындық тудырып келген. Енді, міне, бұл мәселе шешімін тапты.
— Ең бастысы, көктемгі су тасқыны кезіндегі тұрғындардың қауіпсіздік мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Осы уақытқа дейін 26 жылға жуық уақыт бойы көктемде қайықпен қатынайтын ауыл тұрғындары көпірдің салынып, пайдалануға берілгеніне дән риза, — дейді округ әкімі.
Айта кету керек, Қойбағар көпірін салу жұмыстары небары екі айдың ішінде аяқталды.
Д.ҚАЗИХАН.