Әлеумет
Еңбектің нанын ерте татқан жігіт Астанада өз студиясын ашып отыр
Әр баланың бойындағы арманның өскенде орындалып жатуы әбден мүмкін. Бірақ тағдыр пешенесіне тәуелді пендесін қай жағаға ысырып тастарын кім білсін! Қалай болғанда да бала арманыңмен өскен өміріңде қауышып жатсаң үлкен бақыттың бірі сол-дағы. Ол үшін кім боламын десең, немен айналысамын десең, соған қарай бесігіңді түзеп, талап қылсаң, ол да сенен алыс кетпей, көңіліңнің көлеңкесінде қалып жүре береді екен. Дер кезінде соны тап басып, жігер-күшіңді арнасаң іске аспайтын арман жоқ.
Шалғай аудандағы орта мектептің оқушысы Бауыржан Бақтыгереев осыдан 10 шақты жыл бұрын Астанада тұрып, кәсіппен айналысам деп ойлаған жоқ еді. Тіпті теледидардан көретін, танымал жұлдыздармен емен-жарқын жүздесіп, қоян-қолтық араласатынын да елестетпепті.
Оған өзінің құштарлығы, іздемпаздығы, еңбекқорлығы жеткізіпті.
Бүгінде астаналық жас кәсіпкер атанған Бауыржанның шағын жеке дыбыс жазатын студиясы бар. Сол шағын жерде отырып-ақ үлкен жобаларды тудырып, іске асырған.
Қазір Астана қаласында жүрген екі қабатты автобустарда 4 тілде электрондық гейдтер сөйлейді. Сол гейдтерді Бауыржанның жобасымен жасаған. Оқып жүріп «Стартап болашақ 2» деген бағдарламаның бас дыбыс режиссері, шетелдің мултфильмдерін қазақ тіліне аудару кезінде бас дыбыс режиссері болды. Мақпал Исабекова, Бүркіт, тағы басқа көптеген жұлдыздармен бірнеше жобаларды бірге жасап келеді. Бауыржан тың кәсіптің тізгінін берік ұстаған, және сол жолда аянбаған. Ойына алған шаруасын сөз жүзінде қалдырмай іске асқанша тыным таппайды. Үнемі ізденіп, заман ағымына қарай қоғамдық сұранысқа қажетті жобаларды, жарнамаларды жасайды. Ол бүгінгі интернеттің игілігін тиімді пайдаланып, сол арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр.
«Интернет желісі менің басты құралым. Сол арқылы жұмысым жанданып, түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, жарнамаларды, өзгерістерді қадағалап отырамын. Қазіргі жастардың көбі интернетті тек кино, тағы басқа жағымсыз сериалдарды көру үшін, немесе пайдасыз видеоларды қарап қызықтау үшін пайдаланады. Ал мен интернетті жұмысқа қолданамын. Түрлі ақпараттар алып, бизнестің тәжірибелерімен танысамын. Өнер мен бизнеске қатысты аудиоларды оқимын» — дейді өзі.
Жарнаманы қызықты жасау мақсатында үлкен «Айфон-2» жасап шығардым. Астана қаласында Елбасының қолдауымен ЭКСПО-ның бір павилионында технопарк ашылмақ. Сол технопаркке 100 стартап, 100 идея жасағандар шақырылған. Бауыржан сол жүздіктің ішіне кірді.
Бүгінде екі жыл бұрын басталған жобасын жүзеге асыра бастады. Ол гиперрализм. Мүсінді адамның тірі кейіпінде жасау. Тіріге максималды ұқсатып силиконнан жасайды. Бұл туралы толығырақ Қазақстан телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасына шақырылып айтып берген. Қолынан шыққан Қазақстанның өнер, спорт саласындағы жұлдыздардың мүсіні сойып қаптап қойғандай аумайды. Бауыржанның хоббиі ерекше заттарды жасауға тырысады. Өзінің айтуынша иедясы, жобасы іс жүзінде жасалып жатса, ләззат алып келеді екен.
Бауыржан қазір балаларға эстрада және күйсандықтан сабақ береді.
«Кейбір достарым маған «сенің жолың болғыш» деп айтып жатады. Әрине айтуға оңай. Бірақ олай бәрі сәтті бола қойған жоқ. Мектеп кезінде де жолым бола қоймады. Өз-өзіме сенімсіздеу едім. Айталық, бойым ұзындау болса да, соны пайдалана алмай, волейболды дұрыс ойнай алмайтынмын. Мына ісімнің де бастамасы сәтті бастала қойған жоқ. Мектеп бітіргесін Астана қаласына барып оқығым келген. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжге түсуім аса көңіл қуантарлық жағдай болмады. Қазір қарап отырсам, сол колледж жақсылықтың бастауы екен. Бірінші курстан бастап ой-армандарымды, иедяларымды жобаларымды іске асыруға тырыстым. Бәрін іс жүзінде жасағым келді. Ең алдымен дыбыс жазу студиясына барып жұмысымен таныстым. Қыр-сырларына қанықтым. Әншілік өнер де болғандықтан бірінші өлең жаздырдым. Соны жазып отырып, жазып болғаннан соң қорытындысын көргенде, менің де сондай студия ашқым келді. Қатты қызықтым. Ерлан Саудабаев деген ағама алғысымды айтамын. Осы ойымды іске асыруға қанаттандырды. Ең алғашқы колледж басшысына барып менің жеке студия ашқым келетінін айттым. Ол күлді. «Алдыңда мүйізі қарағайдай ағаларың студия аша алмай жүр. Сен бірінші курста жүріп студия ашқың келе ме?» — деді. Оны сендіруім керек болды. Сол кезде аузымнан қалай шығып кеткенін байқамай қалдым. «Менің бай туысым бар, сол бәріне көмектеседі, тек орын болса болды» — дедім. Шындығында менде ондай демеуші жоқ-тұғын. Сол іске деген құштарлық өтірік айтуыма тура келтірді. Қалтамда үш ай жинаған стипендиям бар. Бірақ сол директорым Аманжол Исмағулов азаматтық танытып мені қолдап колледждің астыңғы қабатынан бір бөлме берді. Сол бөлмені жаңағы стипендияммен өзімше жаңартып әрлеген болдым. Дыбыс жаңғырмау үшін арнайы жапсырмалар жапсырып ыңғайладым. Бір ағам кілем, құдам есік беріп дегендей әйтеуір жасақтадым. Бірақ жұмысымның бастайтын ең негізгі құрал — аппаратура жоқ еді. Оны сатып алатын қаражат та, білетін маман да жоқ. Тапқан шешімім жарнама беретін топқа тіркеліп аппаратура сатып жатқандарға хабарластым. Оларға: «Неге сатып жатсыңдар?» — деп сұрақ қойдым, бұл сұрақ көбін таңғалдырды. «Елес» тобының әншісі Артур деген әнші ағамыз аппаратураны қоятын үйі тар болғандықтан сатуға тура келгенін айтты. Оны бөлмеге ертіп әкеліп көрсетіп: «Сенде аппаратура бар екен, менде бөлме бар бірігейік» деген ұсынысым оған да ұнаған болуы керек, келісті. Сөйтіп өзім армандаған жеке студиям 2013 жылы 12 сәуір күн,і менің 18-ге толған күнімде ашылды. Бұл менің өзіме сеніп еңбектеніп жасаған алғашқы жобам болды. Содан кейін адам бірдеңеге тырысса, бар күшін салса сол нәрсенің орындалатынына көзім жетті.
Колледжде мен қалаған эстрадалық мамандық болған жоқ. Сондықтан бір жылдан кейін Астана қаласындағы қазақ ұлттық университетінің колледжіне 2 курс студенті болып ауыстым. Сол жылы желтоқсан айында Астана қаласынан да дыбыс жазу студиясын аштым.
Астанада бәсекелестер көп болғандықтан бір ерекше жоба ойлап табуым керек болды. Өзімнен үлкен жоғары курс студенттерді студияға жұмысқа шақырдым. Олар эстрадалық вокальдан сабақ береді. Мен оларға дыбыс жазып беретін болдым. Бұл амалдың жақсы жағы өзімнің клиенттерім маған жарнама тасушы болды. Біз оқушыларға дыбыс жазып береміз, вокал үйретеміз, олардың ата аналары немесе мұғалімдері басқа адамдарға таратады» — деп Бауыржан осы жолда көрген қиындықтарымен де бөлісті.
«Адамның жолы болмайды деген жоқ. Болады. Тек қиындықтар береді. Сол қиындықтарды жеңсең ғана көздеген мақсатыңды іске асырасың. Шүкір қазір жұмысым бір қалыпқа түсіп, тұрақты ілгерілеп келеді. Өнер мен бизнес жолында жетістікке жеткен Қыдырәлі Болманов, Ұлықпан Жолдасов, Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Әлімжанов тағы басқа жұлдыздармен араласып тұрамын. Олар өздерінің тәжірибесін айтып, бағыт-бағдар беріп, ынталандырып отырады. Қазір байқап отырсам, жұмысқа деген ынтам бала кезден бар екен. Оған жеткізген ең бірінші әкемнің тәрбиесі. Әкеміз бізді еңбекке тәрбиелепті. Өйткені бала кезімізде бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмай, жалқаулыққа бой алдырмай тез бітіріп тастауға, төзімді, шыдамды болуға үйретті. Санама сіңген сол тәрбиенің шапағатын қазір көріп жатырмын. Қазір бір істі жоспарласам, қалайда аяғына дейін жеткізіп бітіргенше тырысамын. Әкем Болат Жонысұлы бар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған адам. Жақында зейнеткерлікке шығады. Сондықтан қайда жүрсем де, қай істі бастасам да оның сеніміне арнаймын» — деп сөзін қорытты.