Білім

5 қыркүйек «Қазақстан халқы тілдері күні»

Мақаламыздың әлқисасын атап өтсек, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегі «Қазақстан халқы тілдері күні» болып бекітілді. 

Осы орайда кеше «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында аталған ұжыммен бірге аудандық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен «Тіл-ұлт мәдениетінің басты қазынасы» атты мәдени-көпшілік шара өтті. Шараның шымылдығы өнерлі жастарымыздың Мұхтар Шахановтың «Төрт ана», Мағжан Жұмабаевтың «Үш бақытым» өлеңдерін мәнерлеп оқумен түрілді. Одан кейін алғашқы кезекте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев шараға қатысқан ұстаздар мен оқушыларды айтулы мерекелерімен құттықтап, аудандағы бірқатар тіл жанашырларын арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен бірге ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосовта жиылған жұртшылықты тілдер күнімен құттықтап, «Қазақ тілі мәңгілік жасауы керек» деген жалынды сөздерімен жастарға жігер берді. Үш тілде жүргізілген шара біздің аудан шағын, нағыз қазақылықтың ордасы болғанымен еліміздегі «Үш тілдік» саясатты қолдап, болашаққа нық сеніммен қадам басуға дайын екендігін айғақтап көрсетті. Шараны әрі қарай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әрлесе, шара соңында қолына қалам алып қара өлеңді жанына серік етіп жүрген жастарымыз жүректен шыққан туындыларын тарту етті.

М.Құбаев.

 

Басқа жаңалықтар