Президент Жолдауын Ақтөбе өңірінде іске асыру жолдары талқыланды

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын өңірде іске асыру жолдары қаралды.
Жиынға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты, аудан әкімдері бейнеконференц байланысы арқылы қосылды.
Өңір басшысы өз сөзінде Президент Жолдауы мемлекеттің дамуына жаңа көзқарас пен тың серпін беретін стратегиялық бағдар екенін алға тартты. Бірқатар маңызды міндеттерді айқындап, барлық құзырлы орган мен мекемелер, жеке сектор бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Мемлекет басшысы Жолдауда инвестиция тарту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік-логистика саласын жетілдіру мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ, Президент заманауи технологиялардың рөлін, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ел экономикасы мен қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Әлеуметтік әділеттілік, адами капиталды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, экология, өңірлік даму, цифрлық теңсіздікті жою сияқты өзекті мәселелер бойынша да нақты тапсырмалар берілді.
Басты мақсатымыз – Жолдауда жүктелген міндеттерді тиімді, сапалы әрі уақытылы орындау. Бұл – жалпыұлттық мақсат. Уақыт өте тығыз, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Бұған алдымен өңір басшысы ретінде менің жауап беретінімді ескерген жөн», – деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.
Отырыста облыс әкімінің орынбасарлары өз салаларын қамти отырып, баяндама жасады, Жолдау аясында іске асырылатын шаралар жоспарын таныстырды. Асхат Шахаров әр бағыт бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық құзырлы органдар мен мекемелерге, сондай-ақ жеке секторға бірлесе отырып жұмыс істеу тапсырылды.