ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

ДЕПУТАТ МАНДАТЫ

– ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК, ЕЛ СЕНІМІ

Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Аудандардың дамуы жергілікті атқарушы билікпен қатар мәслихат депутаттарының қызметіне де байланысты. Олар көп арасында жүріп, қоғамның өзегінде қайнап жатқан өткір мәселесін көтереді. Себебі көппен жиі кездесіп, көкейлеріндегі өткір сауалдарына жауап беріп жүрген де, халықтың мұңын мәслихат мінберінен айтып, шешілуіне мұрындық болып жүрген де — солар. Осы орайда «AMANAT» партиясынан сайланған Ойыл аудандық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Омаровамен сұхбаттасқан едік. Ендеше сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
— «Депутат – халық қалаулысы» дейміз. Сіз депутаттық қызметке қалай келдіңіз? Депутаттыққа сізді кім ұсынды?
— Мен халқының үніне құлақ асатын, әлеуметтік тұрмысы жақсы, ұлттық құндылығы бойында сақталған, білімді ұрпағы бар, еңселі халқы бар егеменді елде өмір сүргім келеді. Бұл менің ғана емес, артымдағы ұрпағымның елі. Олардың болашағы біздің қолымызда. Сондықтан мен қазіргі «AMANAT» саяси партиясының партия мүшелерінің сенімдері мен қолдауларының арқасында партиялық тізім бойынша Ойыл аудандық мәслихатының депутаты атандым.
— Жалпы қазіргі таңда депутат қандай болуы керек? Депутат мандаты сіз үшін нені білдіреді?
— Депутат үлкен жауапкершілікті арқалайтын, қарапайым жұртшылықтың үніне құлақ асып, игі істерге бастайтын, халық таңдап сайлаған сенімді өкіл. Депутат Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының басқа да тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне аса қажетті Заңдарын жақсы түсінетін және оларды нақты жүзеге асырылуына ықпал ете алатын, сауатты тұлға.
— Халық қалаулысы ретінде қандай мәселелер көтеріп жүрсіз?
— Халық қалаулысы ретінде – аудан және округ бюджеттерінің кірістерін арттыру мен шығыс бөліктерінің тиімді жұмсалуына ықпал ету, қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу мәселелері, жаңа ғимараттар салуға қаржы бөлу, түнгі жарық, ауыз су жүйесін жүргізу, халық пайдаланып отырған су жүйелерінің жұмысын жетілдіру, ауданда жүргізілген табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы, елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу және де бірқатар өзекті мәселелер… Ауданның атқарушы органдарымен тығыз байланыста болып, халыққа олар тарапынан орындалмай отырған заңнама талаптарын жүзеге асыруға байланысты, аудандық мәслихатпен қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің әзірленуіне ат салысамын.
— Өзіңіз сайланған елді мекеннің тұрғындары қандай мәселелер көтереді?
— Мен қазіргі таңда Көптоғай және Шұбарши елді мекендеріне жауапты депутат ретінде осы округтің мәселелері бойынша жауап беремін. Көптоғай округі бойынша жиі қойылатын сұрақтар ол «Көптоғай – Ойыл» бағытындағы автомобиль жолы, ауыз су, газ, тәртіп және амбулатория мәселесі болатын. Қазіргі таңда амбулатория құрылысы басталды, жол мәселесі бойынша бақылауда тұр. Шұбарши ауылы бойынша тұрғындар көтерген мәселе — ауыз су мен балаларға арналған футбол алаңын салу болатын. Қазір бұл ауылға орталықтандырылған ауыз су жүргізіліп жатыр. Ал футбол алаңы пайдалануға берілді.
— Көтеріліп жүрген мәселелер қазіргі уақытта шешімін тауып жүр ме?
— Біздің көтеретін мәселелеріміздің бәрі атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады, аудандық мәслихатқа тікелей қаражат бөлуге немесе басқаша әрекет етуге Қазақстан Республикасының заңдарымен тікелей құзырлар берілмеген. Бірақ, біздерге қандай заңдарда болмасын, соның ішінде азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне байланысты заңдарға тәуелді актілердің орындалуына күш салудамыз. Тағы да бір айтып кететін жағдай, қабылданған заңға тәуелді актілердің көпшілігі тұрғындардың өздерінің міндеттерін орындауларына байланысты, сондықтан көтерілген мәселелердің шешілуі бәрімізге де байланысты. Әрине, көтеріліп жүрген мәселелер бойынша, сайлаушылардың өтініш- пікірлері, ұсыныстары бойынша аудан әкімдігіне, тиісті бөлім басшыларына сауалдар жолданып, бірқатар мәселелер өз шешімін тапты. Бірқатар мәселелер бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сұхбатыңызға рахмет!

Басқа жаңалықтар