Рухани жаңғыру

Еркебұланның еңбегі Асығын әлшісінен түсірді

Жуырда қазақ халқының қолөнерін, этникалық және мәдени ұлттық дәстүрінің үлгісін рухани жаңғырту мақсатында, Ақтөбе облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Шеберлер қаласы: ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз!» атты өлкетану сәндік-қолданбалы өнер шығармашылық көрмесіне біздің ауданнан бірқатар балғындарымыз қатысқан болатын. Айтулы көрмеде Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің 9 класында оқитын, аудандық оқушылар үйінің жанынан ашылған «Жас дизайнер» үйірмесінің оқушысы Еркебұлан Талғатұлы І дәрежелі дипломмен оралды. Жас балғын табиғи материалдардан жасалған бұйымдар кезеңінде Ақшатаудың ақ борын қашап, ойып асық жасап шыққан. Оның бұл еңбегін бағалаған облыстық көрменің сарапшылары үздік деп таныған. Расымен де «Рухани жаңғыруға» үн қосып тұрған бұйым яғни әлшісінен тұрған асық кім-кімнің де көз жауын алады. Бұл идеяны Еркебұланға жетекшісі Алмат Әдебиетов тастаған. Өйткені, бұл бір жағынан Ойыл табиғатының, Ақшатаудың ақ борының құпиясынан сыр шертсе, екінші жағынан қазақ халқының ұлттық ойын түрі асық атудың абыройын асырып тұр. Міне бұл бір қырынан қарасақ, тырнақ алды еңбек жолын Берсиев ауылдық округінен бастаған «Жас дизайнер» үйірмесінің жетекшісі Алматтың алар асуының көптігін көрсетеді. Айта кетсек, аталмыш үйірме жетекшісінің алға қойған мақсаттары көп. Алға қарай табиғи материалдардан шедевр жасап шығуды көздейді. Демек, жас балғынның жеткен жетістігі бір өзінің ғана емес, жақында арада аудан орталығына ауысып келген Алматтың да алғашқы жетістігінің бірі. Жарайсыңдар жерлестер!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар