МИЗАМНЫҢ ШУАҒЫНА ШОМЫЛҒАН МАРАПАТ ПЕН БӘЙГЕ

Үйіңе келген адам да, көшеде кездескен адам да жасы кішісі «Ассалаумағалейкүмнен» соң, «Мал-жанның» амандығы сұрайтын қазақ үшін ауыл қашанда берекенің бастауы! Оған мысалдың мың санын келтіруге болады. Ал, бүгінгі күні халықтың әл-аухатымен өнім сапасының жақсы болуы — ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Елдігімізді еселеп, мемлекеттігімізді нығайтқан осы жылдардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа деңгейге көтеріліп ел экономикасын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы жетекші күшке айналды.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа арналған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы мәселесін көтерді. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екенін атап керсетті. Қашаннан төрт түлігі тең өрген Ойыл үшін ауылшаруашылығы өндірістің өзегі. Тіршіліктің күре тамыры.
Сондықтан да, жылдың төрт мезгілінің «мінезіне» қарамай, осындай еселі еңбектің майданында жүрген майталмандар қандай құрметке де лайық!
Ойыл ауданында ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні дала төсінде ат тұяғының дүбірімен үндесіп аталып өтті. Алдымен арнаулы қүрылған сахнада еңбек озаттары марапатталды. Ауылдың түтінін түзу ұшырып отырған еңбеккерлерге ізгі лебізін жолдаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев ең бірінші ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесіне орай ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Астана мен Ақтөбеден келген марапатттарды табыстады.
Яғни, еңбек ардагері Темір Сағынғалиевтың омырауына «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» 1 дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақса, Талғат Иманғалиевқа осы ұйымның «Елеулі еңбегі үшін» медаолын табыстады. Ал, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мұратбек Әділхановқа «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысы бойынша филиалы төрағасының «Құрмет грамотасы» берілді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі және қажырлы еңбегі үшін шаруа қожалық қызметкерлері әртүрлі номинациялар бойынша марапатталды. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мереке салтанатты сәттен кейін тай жарысына ұласты. Таңғы ызғарға денесі тоңазыды ма, жарауы жеткені ме, тыпыршып, ауыздығымен алысқан тайлар шабандоз балаларға бой бермей, ә дегеннен-ақ көмбенің тұсынан шаңды көтеріп түйдектеле шапты. Атшабар шеңберді көзді ашып-жұмғанша екі айналып шыққан тайлардың ішінен Хромтаудан келген Мәлік Жантерековтің «Қарлығашы» мәре сызығын бірінші кесіп өтіп, бас жүлдеге ие болса, екінші жүлдеде Хромтауға жол тартты. Яғни, «Қарлығаштың» құйрығын тістей келген Мәліктің «Бағаласына» бұйырды. Үшінші жүлде ақтөбелік Жандос Зухайдаровтың «Жаннұр» аттй жүйрік тайының еншісіне тисе, төртінші болып мәре сызығын атыраулық Амандық Талбаевтың «Сұлужирені» кесіп өтті.

Бәйге десе, делебесі қозатын қазақ үшін «Аламан бәйгенің» жөні бөлек. Құйрық-жалы таралған сәйгүліктер бес айналым бойы жұптарын жазбай, көрермендердің дегбірін қашырды. Алғашқы айналымда негізгі топтан жарты айналымнан да артық қалып қойып, шабандозын ауыстырған қараталдық Ғалым Көңілқосовтың «Домбыра қасқасы» үш айналымнан кейін-ақ көш бастаған топқа қуып жеткенімен соңғы жағында шалдығып қалды. Бес айналым бойы «бойын жасырған» жүйріктер алтыншы айналымда бауырын жазып, жетінші айналымда желдей ұшты. Нәтижесінде Шалқардан келген Руслан Қойшыбаевтың «Ақбақайы» алдына жан салмады. Мәре сызығын екінші болып ақтөбелік Талғат Нұржігітовтің «Байторысы» кесіп өтсе, үшінші болып атыраулық Сайфолла Жұмағалиевтің «Ақбөкені» келді. Төртінші жүлде хобдалық Сағындық Қосмағамбетовтің «Құтты» тұлпарына бұйырды.

Бәйгені тамашалауға келген ағайынның көңілі шат. Қазақтың киіз үйлерінде берекелі дастархан жайылды. Қойнауы құтты Ойылдың жазығындағы тойға жас кәрінің бәрі асығып жеткен. Күздің мизам шуағында күн райы да қолайлы болды. Бәйгемен қатар жігіттер жағы қошқар көтеріп, арқан тартып ұлттық спорт ойындарында бақ сынасты. «Қазақ атамыз айтқандай «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, қошқар көтеруде белгілі уақытта бәрінен артық көтерген Нұрхат Аязбаев бас жүлдеге ие болса, арқан тартыста Қаракемердің білекті жігітеріне тең келер команда болмады.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



