Мәдениет

«ҚАЗАҚСТАН — БЕЙБІТШІЛІК МЕКЕНІ»

Республика күнінің тарихы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан басталады. Қазақстан Республикасына ерекше ықпал еткен тарихи маңызы жоғары оқиғалардың бірі. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының жоғарғы кеңесінің шешімімен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануын айтуға болады. Осы құжат еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашты. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланып, мемлекеттің бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі және жеке территориясы айқындалды.
Сонымен қатар, 1995 жылдың қазан айының 18 күні Республика күні «Ұлттық мереке» болып жарияланған-ды. Бірақ, 2009 жылы мерекелер қатарынан мүлдем алынып тасталды. 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынып, бұл күнді «Ұлттық мереке» мәртебесінде атап өту туралы бастама көтерді. Мемлекет басшысының бастамасын халық қолдады және заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде Қазақстан халқы қайта жаңғырған Республика күнін қазан айының 25 күні атап өтетін болды. Бұл күн мерекелер тізіміне енген елдегі жалғыз ұлттық мейрам.
Сондықтан, маңызы бөлек – «Ұлттық мереке» қарсаңында Ойыл ауданында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Тағылымы мен тартуы мол шаралар мерекелік салтанатпен мәреге жетті. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты сәтте алдымен жұртшылықты аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтап, қоғамдық қызметімен ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына елеулі үлес қосқандарға облыс әкімінің және өз атынан бірнеше алғыс хаттарын табыстады. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдарының марапатталуы мерекелік салтанатқа жиналғандардың тарапынан қызу қолдауға ие болды.
Еліміздің егемендігіне себеп болған Республика күні мерекесінің маңызын ұғындырып, жастардың бойында патриоттық сана–сезім қалыптастыру үшін жігеріңді жанып, рухыңды көтеретін әнмен өріліп, күймен көмкерілген кештен көрермендер риза көңілмен тарады.
Республика күні — елдікті нығайтатын, ұлтты ұйыстыратын ұлық мереке, оның мәні мен маңызы тереңде екеніне тағы да көз жеткіздік.
Ең әуелі егемендіктің негізі, елдіктің іргесі қаланған ұлттық мерекенің тарихы терең, тағылымы тұңғиық. Республика күнін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты өрелі бағытқа жетелеп, елін, жұртын сүйетін елжанды буын тәрбиелеу біздің басты міндетіміз!

Related Articles

Back to top button