Әлеумет

АУЫЛДЫҢ ЖАСТАРЫ АШЫҚБАЙДЫ ТАЗАЛАП…

Аудан орталығын жанамалай ағатын өзеннің қос қапталы табиғи көркімен жергілікті тұрғындар мен келушілердің демалыс орындарына қолайлы. Көпірдің оң жағы қарағайлы құм Барқын болса, сол жағында Ашықбай тоғайы жатыр. Демалушылардың дені жаздай көлеңкелі Ашықбай тоғайын таңдайды. Міне, осындай саялы өңірді таза ұстап, туған жерді қорғау мақсатында Ойылдың орда бұзар жастары сенбілік ұйымдастырды.

Мың тоғыз жүз сексен төрт жылғы туылған жастар өздері бірауыздан жұмылып, ерікті тобын жасақтап игілікті бастаманы бастап берді.  Бірнеше жылдан бері тазаланбаған жер тұрмыстық қалдықтарға әбден батқан екен. Өзен жағасынан бастап тоғайдың ішін жарты шақырымға дейін артық заттардан арылтып, арнайы қоқыс полигонына төкті.  Қураған ағаштарды бір жерге жинап, аумақты тәртіпке келтірді. Арнайы көлікті де өздері тапты.

«Туған жерге әркімнің жаны ашу керек. Мұндай табиғат екінің-бірінде жоқ. Қолда бар байлығымызды бағалап, оның құрып кетпеуіне алаңдаймыз. Жақында осы жерге демалуға келгенде шашылып жатқан заттарға қарап тазалау туралы ой туды. Құрдастар бір ауыздан мақұлдап, туған жердің тазалығына бір күндерін арнады. Бүгін сәті түсіп жатыр. Бас аяғы мұнымен тоқтап қалмайды. Алда тағы шығамыз. Жалпы ауылдың айналасында бірнеше жерлер тазалықты қажет етеді. Әр жылғылар  осы істі жалғастырып алып кетсе құба-құп болар еді» -дейді Жолдас Бүркітов.

Мұндай өз еріктерімен сенбілік жасау бұрын болмаған. Бұл кейінгі буынға үлгі болып, үлкен ой тастары сөзсіз. Олар игіліктің шараның жалғасқанын қалайды. Жасыратыны жоқ әр сенбі сайын өтетін сенбілік тек көшелер мен селоның іргесін жинаумен шектелетін еді. Ара-тұра ұзын жолдың бойын жинап өткенмен, далалық тазарту жұмыстары кейіндеп қала беретін. Енді бұл істі жалғастырушылар табылса,  үлкен мәселенің түйіні шешілері хақ.

 

Басқа жаңалықтар