Әлеумет
«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕМІСІ КӨПТОҒАЙДАҒЫ «БАҚЫТТЫ БАЛА АЛАҢЫ»
ҚР білім және ғылым минстрлігі мен дүниежүзілік банк бірлесіп іске асырып жатқан «ZHAS PROJECT» жобасы бойынша сала мамандарының қатысуымен биыл еліміздің бірнеше өңірінде тегін тренингтермен қатар түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жобаның мақсатты кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетін жұмыссыз жүрген жандарыға қолдау көрсету есебінде бөлінген қаржылай тегін қолдау мүмкіндігі еді. Міне соның нәтижесі алғашқылардың бірі болып Көптоғай ауылдық округінің тұрғындары «ZHAS PROJECT» жобасының қатысушылары Мерей Елмұратқызы, Асылбек Идеятов, Айнагүл Өтеновалардың бірігуімен бүгін Көптоғай ауылында балаларға «Бақытты бала алаңы» ашылды.
Осы алаңның ашылу салтанатына арнайы барған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев пен еңбек ардагері Ғалия Әмірова балаларға арналған айтулы алаңның лентасын қиып, игі тілектерін жолдады. «Бүгін міне көптоғайлықтар үшін үлкен мереке. Әсіресе балғындарымызға. Сіздер көпке үлгі болып отырсыздар. Қазіргі таңда жұмыссыз жүрген жандар қаншама? Дегенмен өз алдына кәсіп ашып, өзін-өзі қамтуға мемлекет үлкен көмек беріп отыр. Тек оны жүзеге асыру үшін тың идея мен біліктілік болса болғаны. Дегенмен осы жобаға қатысқан Ойыл жастары 11 миллион теңгені ұтып алды. Әрбір қатысушы өздерінің жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Мұның өзі де жастардың кәсіпкерлікке қабілеттерін көрсетеді. Оның нәтижесі міне алдарыңызда тұр. Осындай игі істеріңіз көп болып, жұмыстарыңыз оң нәтижесін көрсете берсін!» — деп сөзін түйіндеді Мұратбай Айдарбаев. Әрмен қарай Көптоғай ауылының әкімі Ерлан Асылбаев та осындай бастаманың жұмысы биіктен көрінуіне игі тілегін білдірді. Расымен де, бұл жобаның іске асуы ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты жағдайдың бірі болды. Әсіресе балалар түрлі-түлі машиналарға, біресе мотоциклға, одан қалды шарлар мен сурет салатын тақталарға, әртүрлі түсті секірмелі шариктерге естері кеткендері сонша езулерін бір жимады.Осындай қуаныштарын байқаған ата-аналарда мәз-мейрам болып балаларын сыртай тамашалады. Осы тұста «Бақытты бала ойын алаңы» жобасының лидері Мерей Елмұратқызы жобаларының мақсатын айта кетті. «Біз бұл жобаны іске асырудағы мақсатымыз балалардың болашағы үшін. Ата-аналар мерекелерде балабақшаның екі күндік демалыстарында балаларын әкеліп ойнатайын десе, ойыншықтармен жабдықталған ойың алаңы жоқ. Сондықтан, біз осы жобаны қолға алуды жөн көрдік. Осы жоба аясында «Жастар корпусын дамыту жобасы қолдауымен» біздер де бағымызды сынап, ойымызды ұсынған болатынбыз. Сол ойымыз жүзеге асып, ауыл балаларының қала балаларымен тең деңгейде өсуіне жағдай жасау мақсатында «Бақытты бала алаңы» жобасын ұсынып, 1 миллион теңге грантын ұтып алдық. Қазіргі таңда пайдалануға алғашқы 500 мың ақша беріліп, сол қаражатқа ауыл балаларының игілігі үшін алдарыңыздағы ойын құралдарын пайдалануға алдық. Алдағы жоспарымызда берілетін қалған қаражатына саябақта ойналатын ойыншық құралдарын көбейту ойымызда бар. Әсіресе алдымыз қыс айы болғандықтан шана, сырғанайтын доптар сынды заттар алғымыз келіп отыр. Айта кетсек, біздің жұмыс кестеміз аптасына 3 күн. Оның ішінде 1 күнді «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндеріне арнасақ, қалған 2 күні ауыл балаларына тегін қызмет көрсетеміз. Тегін қызмет көрсету 6 айға дейін жалғасады» — дейді. Мемлекеттің мүмкіндігін туған жерлеріне осындай игі істерімен тигізген жастардың ойы құптарлық!
Өміргүл ТЕМІРХАН.