Әлеумет
Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталуы тиіс!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес милионнан астам адам жер аударылды», - деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.
Осы орайда, жуырда ауданымызға арнайы іс-сапарымен қорытындыларды дайындау, мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының мүшелері, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, Халықаралық қазақ тілі қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиев келді. Аталған топ өкілдері алдымен Саралжын ауылдық округімен бірге Ақкемер, Бестамақ елді мекендерін аралап, аудан орталығында тұрғындармен кездесу өткізді. Қазақстанның Тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін жеке күрескен адамдардың, сондай-ақ қызметтік, ғылыми, мәдени және басқа салалардағы идеялары үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың толық құқықтық, саяси ақтауға арналған жұмыс тобының кездесу жиынына имамдар мен тарихшы-өлкетанушылар қатысты. Онда 1916-1930 жылдары мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша әңгіме өрбіді. Сондай-ақ аталған кездесуде ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Өз тілшіміз.