ӘлеуметМәдениет

ОБЛЫСТЫҢ БАС БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ОЙЫЛДАҒЫ ОЙЛЫ ОҚЫРМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

«Ақтөбе Медиа» компаниясының құрамына кіретін облыстық қоғамдық-саяси екі газет «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» және «Үш таған» журналының өкілдері Ойылдағы тұрақты оқырмандарымен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімі Асқар Қазыбаев, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншиндер қатысты.

Алдымен аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы баспасөздің қоғамдағы ролі туралы ой толғап, кездесудің мақсатына тоқталды. Кездесу барысында «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры Раукен Сағызбайұлы мерзімді басылымдардың қоғамдағы рөлі, ақпараттық саясатты жүзеге асырудағы маңызы және облыстық «Ақтөбе» газетінің жаңа бағыттары туралы баяндады. Ұжым аудан тұрғындарына жасанды интеллект заманында баспасөзге жазылу мәдениетін қалыптастыру, сапалы ақпарат ұсыну, өңір жаңалықтарын кеңінен жариялау бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Сөзінің соңында медиа компанияның директоры «Ойыл ауданының құрметті азаматы» Ғазиз Займолдаұлына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалын табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, ауданның бірқатар мекеме басшыларына ақпарат кеңістігін дамытуға, баспасөзбен тығыз байланыс орнатуға үлес қосқан үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның алғыс хаттары табысталды.

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан әңгімені әріден толғап, Ойылдың тарихтағы орны мен өткеніне шолу жасады. Бүгінгі жетістігі мен белесіне тілектестік білдірді.


Аудан әкімі Асқар Қазыбаев өз кезегінде медиа компанияның басшысына ауданға көрсеткен ақпараттық қолдауы үшін алғысын айтып, 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, «Ойыл ауданының құрметті азаматы» белгілі қаламгер жерлесіміз Аманғос Орынғалиұлының кеудесіне «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалын тағып, иығына шапан жапты. Ал, профессор Алтай тайжанға естелік сыйлық ұсынды.


Кездесу соңында Ойыл ауданының көркемөнерпаздары қонақтарға арналған концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Related Articles

Back to top button