МәдениетСұхбат

«Қазақтың «100 романын» оқуға кеңес беремін»

«Кітап ақыл-ойдың айдыны» - деген қанатты сөз бар. Ұлы Абай да «Ерінбей оқысаң, артық білім кітапта» - деп кеткен. Одан кейін Мұхтар Әуезов «кітапты адамның ең жақын өмірлік досы» десе, орыстың ұлысы Максим Горький өз бойындағы барлық жақсылықтар үшін кітапқа борыштар екенін айтқан. Компьютерсіз заманда, әлеуметтік желіні көрмей, телефонға үңілмей-ақ осы кітап арқылы қара өлеңнің, прозаның шыңына шыққан, айтқандары бүгінге дейін қанатты сөздерге айналған әлем таныған тұлғаларымыз жетерлік. Міне, солар айтқан кітаптың ордасы – ауданның қандай шарасынан қалыс қалмайтын, рухани азық сыйлайтын кештердің ұйытқысы кітапханамыздың жай-күйі қалай? Бүгінде кітапхананы интернетке ауыстырып алған оқырмандарымыздың белсенділігі қай деңгейде? Тағы басқа түйткілді нәрселер не? Осындай мәселелер жөнінде аудандық орталық кітапхананың директоры Ақмарал Наурызова кітапхананың өткенінен бастап бүгінге дейінгі жұмысын, жетістіктерін, алдағы жоспарларын туралы бізбен бөлісті.

—       Ақмарал Бақытқызы, алдымен құттықтап қояйын. Жақында ғана Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ең үздік инсталляциялық көрме» атты облыстық шығармашылық байқауында 3 жүлделі орын алдыңыздар. Жалпы 2018 жыл, сіздер үшін табысты жыл болғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз. Жалпы әңгімемізді кітапхана тарихынан бастасақ…

—        Ойыл аудандық орталық кітапхана аудандағы мәдени мекеменің бірі. Ол «Қызыл отау» негізінде 1927 жылы құрылды. 1934 жылы Ойыл аудандық кітапхана болып құрылып, алғашында 100-ге жуық кітаппен оқырмандарға қызмет көрсеткен. Қазіргі таңда 41000-нан астам кітап қорымыз бар. 2005 жылдан бастап Ойыл аудандық кітапханасы, «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі болып құрылды. Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесінде оқырмандарға қызмет көрсету», «Абономент», «Кітап қорын сақтау» «Анықтамалық – библиографиялық  қызмет көрсету», «Кітап қорын жинақтау» бөлімдері жұмыс жасайды. Бір жылдары тоқырау уақыттарда кітапханалар жабылып қалды. Бертін келе ауданымыздың бюджетінен ауылдық жерлерде кітапханалар ашылды. Кітапаханаға қарасты 19 кітапхана қазіргі таңда өз жұмысын жүйелі жасап отыр.

Өзің айтып отырғандай, биылғы жыл біз үшін табысты басталды. 2008 жылдан бастап кітапхана саласында басшылық қызметімді атқарып келе жатырмын. Кітапханамыздың бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері осы біздің қызметкерлердің ерен еңбектерінің арқасы деп білемін. Кітапхана жетістіктерін айтар болсам, Тәуелсіздіктің  25 жылдығына арналған «25 жұлдызды кітап» жобасы жасалған болатын. Сол жоба арқылы біздің кітапханамыздың тәжірибесі республика кітапханаларына таратылып , оқырмандарымызға үлкен серпіліс жасап, көпке үлгі болдық. Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің облыстық «Рухани қазына» фестивалінде «Кітап әлеміндегі ұтымды ойлар» номинациясын» сонымен қатар Астана қаласының 20 жылдығына арналған облыстық шығармашылық байқауына белсене қатынасып, ерекше шығармашылық ізденімпаздығы мен жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін «Ең үздік инсталляциялық көрме» ІІІ орынды жеңіп алғанбыз. Инсталляциялық көрме – бұл кітаптар арқылы белгілі бір суреттерді бейнелеу болып табылады. Біз Астана қаласының әсем ғимараттарын және Экспо алаңындағы кітапхананы кітаптар арқылы бейнеледік. Бұл марапаттар біздер үшін үлкен жеңіс. Осы жетістіктермен тоқталып қалмай, әлі де ізденіспен үлкен жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз.

—        Білім мен парасат ордасы болған кітапхананың қазіргі таңдағы оқырмандары қанша? Оқырмандар санын арттыру мақсатында қандай іс-шаралар жасалынып жатыр.

—      Қазіргі заман білім мен ғылымның ғасыры екені баршаға аян. Заманның ұшқыр желіне заманауи біліммен қаруланған, жеті түрлі ілімді, жеті жұрттың тілін меңгерген ұрпақ қана ілесе алады. Кітапхана – сол білім көзінің бастауы десек артық емес. Кітапханамыздың оқырман саны – 4000 нан асады. Оның ішінде жасөспірімдер саны — . Оқырмандардың санын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар жасалынып жатыр. Айтар болсақ, «Кітап керуені» кітап акциясы арқылы жаңа келіп түскен кітаптарды насихаттап, үнпарақтар таратып, кішкентай оқырмандарымызды кітапханаға тарту үшін әртүрлі іс шаралар ойын түрінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Түнгі кітапхана» өз жұмысын қаңтар айынан бері жасап келе жатыр. Бұл жоба арқылы біздің оқырмандарымыз күндізгі уақыттарда қолдары босамай жатса, енді қазір барлығымыз жұмыс басты болғандықтан уақыт таппай жататынымыз белгілі, Сол себепті кешкілік келіп, кітапханамыздан кітаптар, мерзімді басылымдарды оқып, жаздырып алып кете алады. «Түнгі кітапхана» сәрсенбі, жұма күндері кешкілік сағат 7-ден 11-ге дейін жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, жаз айларында жазғы лагерь демалушыларына кітап акцияларын таныстырып, іс-шаралар ұйымдастырып барып тұрамыз. «Көшпелі кітапхана» алыс-жақын елді мекендерге арнайы үгіт насихат топтарымен бірге ұйымдасып, кітаптарымызды, мерзімді басылымдарды таныстырамыз. Апта сайын мүмкіндігі шектеулі оқырмандарымыздың, ата-әжелеріміздің үйлеріне мерзімді басылымдар, кітаптар апарып тұрамыз.

—        Кітап –рухани қазынамыз екені рас. Осы тұрғыда жастарымыздың кітап оқуға белсенділігі туралы не айтар едіңіз?

—        Жас оқырмандарымыздың кітапханаға келуі өз болашақтарын біліммен байланыстырғаны деп білемін. Әрине, жастарымыз кітап оқиды, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ кейбір уақыттарда сауаттылығы төмен жастарымызды көргенде «қарнымыз ашып» қалады. Жалпы қазір ғылымның дамыған заманы қай жерде қандай кітап бар, сол кітапханаға кіріп, шетел әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын электронды оқи аласың. Бұл қазіргі таңда бәрімізге өте тиімді кімнің шығармасын оқығымыз келеді, телефонға жүктеп, кез келген уақытта оқи аламыз. Жастарымыз көркем әдебиетті, поэзияны, шетел әдебиеттерін жақсы оқиды. Жастарымызды әлі де кітап оқуға шақырамыз. Ауылдық жастарда кітапханаға келіп, кітап оқып өз белсенділігін көрсетіп жатыр. Меніңше, қанша телефоннан, интернеттен мәлімет алғанымызбен кітаптан оқыған бір бөлек деп ойлаймын. Бір жағынан телефонға үңіліп көзімізге зиян келтірмейміз, екінші мазмұны толық, тіл байлығымызды да толықтыра аламыз. Бүгінде кітапханамызда жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелейтін, кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бойына рухани – адамгершілік құндылықтарды қалыптастыратын әртүрлі зияткерлік мәдени іс –шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар осы жерде айта кетейін дегенім, жалпы оқырмандарымызға «Қазақтың 100 романы» ұсыныс тізімін ұсынамыз. Осы тізім арқылы жүз жазушының жүз романын оқуға кеңес береміз.

—        Кітап қорларыңыз қанша? Қазіргі ақын–жазушылардың туындылары көңілдеріңізден шыға ма? Қандай кітаптарға тапсырыс немесе сұраныс жоғары?

—        Кітап қорымыз қазіргі таңда 41000-нан астам. Кітап қорымыздың көп бөлігі қазақ тіліндегі әдебиеттер. Қазіргі ақын-жазушылардың кітаптары да қорымызды толықтырып отыр. Әрине, жас ақындардың шығармалары көңілімнен шығады. Ерекше шабытпен жазылған жас ақындарымыздың шығармалары да, әсерлі жазылған әңгімелері де бірден адам көңілін еріксіз жаулап алады. Оқырмандарымыздың көбі қазіргі заманауи әдебиеттерінен сұраныс білдіріп жатады.

—        Кітап сатып алуға қаражат қайдан бөлінеді? Жеткілікті мөлшерде бөлінеді ме?

—        Жалпы кітап қорымыздағы әдебиеттер мемлекеттік тапсырыспен келеді. Ал оқырман сұраныстарын қанағаттандыру үшін кітап сатып алуға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінбей тұр. Алдағы уақытта оқырмандарымыздың сұраныстарын қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде қаражат бөлінеді деп ойлаймыз. Бұл оқырмандарымыз үшін де жақсы болар еді.

—        Қандай инновациялық технологиялармен жұмыс жасайсыздар?

—        Жалпы біздің кітапханамыздағы кітаптарды өңдеу және толықтыру бөлімі Рабис бағдарламасымен кітаптарымызды тіркеп, оларды жүктеп, талдап жүйеге келтіріп жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама арқылы кітап қорымызда қандай кітаптар бар екенін және мазмұнына байланысты мәліметтер іздеу арқылы өзімізге керек ақпараттарды ала аламыз. Инновациялық технологияның дамыған заманында электронды кітап елімізде қолданылып жатыр. Алайда қазіргі таңда кітаптарды электронды форматқа көшіруге  мүмкіндік жоқ.

—        Болашақта кітапхана белгілі бір межеде көпбейінді (коворкинг) ойын-сауық орталығы болуға тиіс деп айтылып жатыр. Бұл жайлы не айтар едіңіз?

—        Бұл болашағымыз үшін де жақсы болады деп ойлаймын. Болашақта кітапхана –көпбейінді (коворкинг) ойын–сауық орталығы ретінде ашу жоспарлануда. Аты айтып тұрғандай, кітапты тек кітапханаға келіп оқуға емес, белгілі бір қызметтерді пайдалана отырып, кітап оқи алады. Ойын сауық орталығына айналдыру үшін арнайы кретерийлері бойынша жабдықталуы керек. Біріншіден ойын-сауық орталығының аумағы үлкен болуы тиіс.  Сонымен бірге жылдамдығы жоғары интернет және техникалық жабдықтар (компьютерлер, ксерекопия, сканерь т.б), арнайы балаларға, үлкендерге арналған жиһаздармен жабдықталуы керек. Егерде осы жағдайлар жасалған болса, біз көпбейінді ойын-сауық орталығын аша аламыз. Біз осы бағытта Көптоғай және Берсиев модельді ауылдық кітапханаларын ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта осы тұрғыда жұмыстар жасалынып, ойын-сауық орталығы болады деп ойлаймыз.

—        Кітапхана қызметкерлерінің іс-тәжірибе алмасу бағытында қандай кітапханалармен тығыз байланыс жасайсыздар?

—        Биылдың өзінде кітапхана қызметкерлері іс-тәжірибе алмасу мақсатында Қостанай қаласына барып, семинарларға қатынасып келді. Қызметкерлеріміз  Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларымен осы бағыттарда іс-тәжірибе алмасып, өз тәжірибелерін толықтырып отырады. Іс-тәжірибе алмасу қызметкерлеріміздің жақсы жұмыстануына өз септігін тигізеді.

—        Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар