Әлеумет
Ұстаздың «сыйы» — Ұлағат
Қанша жыл өтсе де әр адамның жүрегінен ұстаз деген ұлы есімнің өшпесі анық. Ал, мұғалім үшін алдынан қанша шәкірт өтсе де, әрқайсысын ұмытпайды екен. Сонау 1988 жылы Саға мектеп-балабақшасының есігін аттағанда бізді қарсы алған алғашқы апайымыз Жеңіс Тәтебаева еді.
1986 жылдары еңбек жолын ауылдағы біздің мектептен бастаған ол табан аудармастан сол жерде жұмыс жасағалы 32 жыл болыпты. Біз алғашқы балапандарымыз. Осы жылдың ішінде шәкірт тәрбиелеуде жақсы жетістіктерімен көзге түсті. Облыс әкімінің «Үздік педагог грантының иегері» атағын алса, облыстық білім басқармасының бірнеше алғыс хаттарымен марапатталды. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсіріп, үшеуі де жоғары білім алып елге қызмет етуде.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» — дегендей мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ сауатымызды ашып, әліппені үйреткен сол апайымыздың орны ерекше. Он жылдан соң бір топ бала алтын ұядан түлеп ұштық. Әр түлек үлкен өмірдегі өз орындарын тауып, әр жаққа кетті. Оқуға түскендері мамандықтары бойынша еңбек етсе, оқуға түспегендері жандарына жақын саланы таңдап, қазір бір-бір кәсіптің иесі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — дегендей, қайда жүрсек те, Жеңіс апайымыздың берген тәрбиенің іргетасы мықты болып, жанымызға серік болды. Оның жақсы қасиеттерін, айтқандарын жадымыздан шығармауға тырыстық. Өйткені «Білімнің негізі -бастауышта» — деп тегін айтылмаған. Жеңіс апайымыздың бастауышта берген тәлім-тәрбиесі, үлгі, өнегесі талай шәкірттің өмір жолына азық болғаны анық. Оған сол ұстаздан білімнің бастауын алған өзіміз куәміз.
Білдірмей уақытты ұрлаған өмірдің заңы көзді ашып-жұмғанша мектеп бітіргенімізге 20 жылды толтырып үлгеріпті. Бір кездегі бойжеткендер — адал жар, аяулы ана болды. Бозбалалар болса, екі үш баланың әкесі атанып, ақыл тоқтатқан жасқа келді. Осынша уақыт өткенде Жеңіс апайымызбен қайта қауыштық. Сыныптастар бірауыздан ұйымдасып 20 жылдық кездесуді өткізгенде Жеңіс апайымыз құрметті қонағымыз болып еді. Бәріміз мәре-сәре болып, өткен күннің естеліктерімен бөлісіп, бір жасап қалдық. Ал апайымыз бәріміздің кішкентай кезімізде қандай болғанымызды айтып, балалық шақтың балғын базарына бір барып қайттық. Ал апайымыз болса бәріміздің өсіп-өнгенімізді, сол бала кездегідей ақ көңілмен кездескенімізге қатты риза борлып, алғыс айтты. Осындай тамаша кездесуді бас болып ұйымдастырған біздің сыныптың Сағымбек Әбиев, Беймырза Қосанғалиев, Айболат Күншашов, Руслан Дүйсенғалиев бастаған жігіттерге шексіз ризамыз.
Алла бізді ұстаздарымызбен бірге әрдайым осындай кездесулерге жазсын! Оларды әркез еске алып ұмытпаймыз. Сондықтан әрқайсымыздың жүрегімізде жақсы ұстаз болып қалатын Жеңіс Қадірғалиқызын алдағы келе жатқан ұстаздар күнімен құттықтаймыз! Жұмысына сәттілік, отбасына амандық тілейміз!
Сізге деген үлкен құрметпен мына өлең жолдарыммен аяқтағым келеді:
Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,
Содан көрдік біз биік парасатты.
Дарытқан шәкіртіне бар асылын,
Сол үшін талай рет шаш ағартты.
Сауатпен еселенді күш, талғамың.
Білім ап, болашаққа ұшты арманың,
Әр бала білу керек, ұғу керек,
Қаламыңды ұстазың ұштағанын.
Көзіңнен жағадайыңды ұққан бәрін,
Аз емес сізден үлгі тұттқандарым.
Жақсы ұстаз қалайды екен, қуанады.
Шәкіртінің биікке шыққандарын.
Толқын САРИЕВА,
Қайыңды ауылы,
Саға мектеп-балабақшасының 1998 жылғы түлегі.