ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Облыс әкімі су тасқынынан зардап шеккен ойылдықтармен кездесті
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров алдымен Ойыл ауданындағы табиғи апат ауқымын әуеден қарап шықты. Аймақта бүгінде 318 үйді су басқан. Ең көбі – Қаратал, Екпетал және Ақкемер ауылдарында.
Ауданда биылғы жылдың 29 наурызынан бастап көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды.
Қазіргі уақытта су басқан және су басу қаупі бар 9 ауылдан 1200-ден астам тұрғын көшірілген. Алайда, оның 255-і ғана Ойылдағы спорт мектебі, аграрлық колледж және Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияда ұйымдастырылған эвакуациялық орталыққа орналастырылған. Қажеттінің бәрі бар, гуманитарлық көмек те дер кезінде жеткізіліп отыр.
«Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия жанындағы интернат №3 эвакуациялық пункт болып бекітілді. Мұнда Екпетал және Жаңабаз ауылдарының 65 тұрғыны орналастырылды. Әйелдер саны – 17, қалғаны – балалар. Жағдайлары – қалыпты. Ерікті жандар көмектерін беруде», – деді гимназия директоры Шынар Бисенова.
Өңір басшысы азаматтарға жасалған жағдаймен танысып, су тасқынының салдарын жою бойынша қолға алынатын шараларды түсіндіру мақсатында пункттерге барды. Тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Ойылдықтарды тұрғын үй мен төрт түлік малдың жайы мазалайды. Асхат Шахаров қызыл судан келген шығынды қалпына келтіреміз деп халықтың көңілін жұбатты.
«Су басты дегенде біз алдымен барлық күшті адам шығынын болдырмау үшін жұмылдырдық. Оңай болған жоқ. Ойыл ауданы үшін қатты уайымдағанымыз рас, өйткені тұрғындарды көшіру үшін тікұшақ керек болды. Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Ең бастысы – бас аман. Баспана да тұрғызылады, шығын өтеледі», – деп атап өтті өңір басшысы.
Еске салайық, аймақта материалдық залалды есептеу және өтеу бойынша комиссия жұмысын бастады. Барлық зақымданған баспананың, суға кеткен малдың құжаты болуы тиіс.
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi