ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ — ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ КЕПІЛІ

Жаңа Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер елдегі басқару жүйесін ықшамдап, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауды күшейту мен әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп ойлаймын. Бұл бастама — уақыт талабы.
Бүгінде мемлекет даму жолының жаңа белесінде тұр: не бұрынғы қалыппен жүру, не заман талабына сай жаңаша, тиімді басқару үлгісіне көшу. Қолданыстағы қос палаталы жүйе заң шығару үдерісін күрделендіріп, маңызды шешімдердің қабылдануын баяулататыны анық. Әсіресе, әлеуметтік маңызы зор мәселелер жеделдікті қажет етеді. Сондықтан парламенттің бір палаталы жүйеге көшуі – заңнамалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған қадам. Мұндай өзгеріс, әрине, Конституцияға тиісті түзетулер енгізуді талап етеді.
Ұсынылған жоба Конституция баптарының басым бөлігін, яғни 84 пайызын қамтиды. Соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланған, нақтылауды қажет еткен мәселелер негізгі заңның жаңа жобасында көрініс тапқан. Мәселен, цифрлық дәуірдің дамуына сай азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді нормалар бекітіледі. Сонымен қатар билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайту, әлеуметтік кепілдіктердің орындалуын нақтылау көзделіп отыр. Сондықтан, қарама-қайшы түсіндірмелер мен екіұшты тұжырымдарды болдырмау үшін бірқатар терминдер мен нормалар қайта қаралған. Әсіресе әлеуметтік бағыт айқындала түседі. Еңбек ету, қолжетімді білім алу, сапалы медициналық қызметке қол жеткізу секілді құқықтар конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекет жауапкершілігі айқын көрсетіледі. Нарықтық қатынастарға сілтеме жасап, әлеуметтік міндеттерден шегінуге жол берілмеуі тиіс. Жалпы алғанда, бұл өзгерістерді түбегейлі деп те айтуға келмейді, керісінше, қолданыстағы құндылықтарды нығайтып, оларды іске асыру тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Негізгі заң жобасы мәтінінен ұлттық байлықты әділ бөлу, еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қолдау қағидаттарын көруге болады. Сондықтан енгізілетін түзетулерді қабылдау маңызды, себебі конституциялық кепілдіктер тек декларация күйінде қалмай, нақты қорғаныс тетіктерімен қамтамасыз етілуге тиіс. Білім мен денсаулық сақтау саласына тең қолжетімділік те әлеуметтік әділеттіліктің басты өлшемдерінің бірі. Бақылау және жауапкершілік институттарының күшеюі азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бұл жаңа, мүлдем басқа қадам. Көбі түсінбей, әлдебір кереғар ойларды айтып жүр.
Шынайы табыс – енгізілетін өзгерістердің санында емес, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің нығаюында. Егер Конституция адам құқығын қорғайтын, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін және азаматтардың саяси үдеріске белсенді қатысуына жол ашатын пәрменді құралға айналса, реформаның мақсаты орындалды деген сөз.
Марат АРЫСТАНОВ,
Аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы.


