«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Ойыл аудандық коалиция мүшелері Амангелді ауылының тұрғындарымен кездесу өткізіп, жаңа Конституция жобасы бойынша түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында конституциялық реформаның мәні мен маңызы кеңінен тарқатылды. Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бағытындағы өзгерістерге ерекше тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау институттарының күшеюі мен халықтың мемлекеттік шешімдерге қатысу мүмкіндігінің кеңеюі жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі екені айтылды.
Ауыл тұрғындары үшін өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Жеке меншікке қол сұғылмаушылық, еңбек ету құқығы, кәсіпкерлік еркіндігі, ауыл шаруашылығын қолдау және
жер қатынастарының құқықтық негіздері жөнінде нақты түсіндірмелер берілді. Бұл нормалардың ауыл экономикасының тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Ауыл азаматтары Мейірім Әбдірзақ пен Алтай Жалмұханов өз пікірлерін ортаға салып, жаңа Конституция жобасына қатысты оң көзқарастарын білдірді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Басқосу конституциялық реформаның мәнін терең түсіндіруге және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
