Диқанның тәжірибесін тарату керек
Өткен сейсенбіде аудан әкімі Дастан Сағыровтың кезекті іссапары Саралжын ауылдық округінде жалғасты. Аудан әкімі алдымен түрен тартып, дән себуді қолға алып, табыс табудың тыңғылықты тәсілімен тер төгіп жатқан «Спарта» шаруа қожалығында болып шаруашылық төрағасы Спартак Төремұратовқа бау-бақшамен айналысатын басқа өңірлерде көш бастап тұрған шаруашылықтармен тәжірибе алмасуға ой тастады. Атап өтсек, жыл сайын жерге түрен салып, бау-бақшамен айналысып жүрген айтулы шаруашылық биыл 20 гектар алқапқа қауын, қарбыз, қияр сынды басқа да өнімдердің тұқымын себуге әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шағын ауылдың шағымы — жол мен жайылымдық жер
Шиқұдық 40-қа жуық түтіні бар шағын ауыл. Ауылдағы негізгі табыс көзі — мал. Сондықтан болар аудан әкімі Дастан Сағыровтың елді-мекендерді аралау кезінде ауыл тұрғындарының көтерген өзекті мәселелерінің бірі ауыл маңындағы жайылымдық жердің тарлығы. Оған қоса шектеуге қойылған Саралжын округі орталығындағы бруцеллез малдардың Шиқұдықтың (мал ауруынан таза ауылдың) іргесіне келіп жайылуы тұрғындарды қатты алаңдатады. Тұрғындармен кездесу жиынында ауыл тұрғыны Қалдыбай Әбуов пен Нұрбол Сатыбаевтың кезектесе айтқан шағымы осы. Және тағы бірі — жол мәселесі. Яғни көктемгі қатынастың қиындығы талай жылдардан бері тұрғындар тартып келе жатқан тауқымет. Судың арғы бетіндегі ауылға көпір қажет. Аталған мәселелердің мән-жайымен енді ғана танысқан аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы бұл мәселелер тез арада шешімін табатындығын жеткізді. Сонымен бірге ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Арнайы іссапар мерекелік шарамен ұштасты
Одан кейін Саралжын ауылдық округінің орталығында болған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы Жеңістің 30 жылдығына орай қойылған ескерткіштің алдында өткен 9 мамыр Жеңіс күніне арналған «Жеңіс туы желбіре!» атты мерекелік шараға қатысып, гүл шоқтарын қойды. Соғыстың қасіретін тартып, еңбек майданында ерен еңбек еткен тыл ардагерлерінің бастарына амандық, елімізге тыныштық тілеп, барша ауыл тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтады. Оған қоса тыл ардагері Ерғали Жұбанов өткен өмірінен сыр шертіп, мерекелік лебізін білдірсе, Жақсылық Бисалиев соғыс жылдарында жерлестерінің жүрегінен шыққан отты өлеңдерін оқып, кішкене ауылдан соғысқа аттанып, опат болған 497 адамның аруағына құран бағыштады. Ал аудан әкімі одан кейін ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, жаңадан іргетасы қаланып жатқан клубтың жұмысымен танысты.
Ақкемерге ұялы байланыс керек
Аудан әкімінің елді-мекендерді аралау кезіндегі іссапары сол күні Ақкемерде жалғасты. Алдымен әлеуметтік нысандарды аралаған аудан әкімі Дастан Сағыров былтыр ғана бой түзеп, ауылдың ажарын келтіріп тұрған жаңа мектепке ат басын бұрды. Онда мектеп директорына көптеген тапсырмалар беріп, белсенді еңбек ету керектігін ескертті. Сонымен бірге ауыл тұрғындарымен арнайы кездесті. Кездесу жиынында ұялы телефонның байланысы мен жол мәселесі қозғалды. Оған қоса тұрғындар Ботагөз батырдың кесенесіне баратын жолдағы өзеннен өтетін көпірдің жөнделуін сұрады. Бұл мәселелердің шешімі келер күннің еншісінде қалды. Яғни үнемі бақылауда болатындығы нақты айтылды.
Тайсойғанның да проблемасы ұялы байланыс
Тайсойған елді-мекенінде болған аудан әкімі құрылысы басталып үлгермеген жаңа мектептің алдағы салыну жоспарымен бөлісті. Одан кейін ауылдық клубта тұрғындармен кездесіп, қандай да бір талап-тілектері мен ой-пікірлері, көкейтесті сауалдары болса еркін қоюға ұсыныс жасады. Өз кезегінде ауылдың мәселесін көтерген Есбол Оразов ауылға ұялы байланыс пен жастар орналасатын тұрғын үй керектігін жеткізді. Оған қоса жаңа мектептің құрылысы сәтті аяқталуына уәжін айтып, жаңа әкімнің жұмысына сәттіліктер тіледі.
Шаруашылықтардың да жайымен танысты
Сейсенбі күні таңертеңнен кешке дейін Саралжын ауылдық округінің елді-мекендерін аралаған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтардың басында болып, ауыл шаруашылығына қатысты көптеген мәселелерді талқылады. Асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысатын «Нұр-Асыл» шаруа қожалығының төрағасы Аманғали Өмірғали мен ангус тұқымды ірі қара малын бағып отырған «Тәжібай Агро» ЖШС-нің директоры Абыл Сатаевпен кездесіп, аталған шаруашылықтарды әлде де кеңейте түсуге, ауыл азаматтарын жұмысқа тарту жөнінде кеңесті.
P.S.
Сол күні аудан әкімі мал шаруашылығымен нәпақа тауып отырған Қоңырат ауылының тұрғындарымен кездесіп, мұнда да мал басын көбейту керектігін атап өтті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Саралжын-Ойыл.