ӘлеуметБасты тақырып

Жастар неге электронды темекіге құмартты?

Электронды темекінің отаны – Қытай.Қарапайым темекіден айырмашылығы құралдың ішінде сұйықтық қызып, тұтынушы адам түтін емес, бу жұтады. Бұл процесс вейпинг деп аталады. Бұл заттың адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін білеміз бе? Ал оқушылар мұндай дүниені не үшін пайдаланады деп ойлайсыз? Бұл темекіге жастар неге қызығады? Алдымен электронды темекінің қайдан және қалай пайда болғандығы жөнінде айтып өткеніміз жөн.

Ең алғаш рет электронды темекі 2003 жылы пайда болыпты. Оны ойлап тапқан адам қытайлық фармацевт көрінеді, аты-жөні – Хон Лик екен. Бір жылдан кейін, яғни 2004 жылы Хон электронды темекіні Қытай нарығында сатқан алғашқы адам болып тіркелген. Іле-шала ол өз өнімін халықаралық айналымға шығарып, жұртқа жаппай тарата бастаған.Психологтар мен педагогтардың айтуынша, электронды жасанды темекінің құтысы кішкентай ғана. Содан кейін, жағымсыз иіс шықпайды. Әдеттегі шынайы темекінің иісі қолға, адамның киіміне, деміне сіңіп қалады. Электронды темекіде ондай жағымсыз исітер жоқ. Керісінше, әртүрлі тәтті, шырынды иістер қосылып жасалады. Жастардың қызығуының бір себебі сол. Сонда электронды темекі зиянсыз ба? Интернет деректеріне сүйенсек «Вейпингтің» кең таралуының салдарынан АҚШ азаматтарының өкпесі жаппай зақымданған. Тіпті, өкпе зақымдануынан адам өлімі де тіркелген. Коронавирус пандемиясына дейін АҚШ-та вейп темекі тұтынған 2500 адам өкпенің ауыр дертіне шалдығыпты. Осы жағдайлардан кейін АҚШ Президенті электронды темекілердің барлық түріне тыйым салыпты. Бұл 2019 жылғы жағдай. Іле-шала 2020 жылдың алғашқы айларында Америкада электронды темекілерге арналған жұпар иісті картридждердің сатылуына жаппай шектеу қойылды. Ал Қазақстанда ше? Бізде бұл темекі еркін сатылып, еркін пайдаланылып жатыр. Өндірушілер электронды темекінің зиянсыз екенін айтып әлек. Керісінше темекі шегуді тез арада қоюға септігін тигізеді дейді. Алайда, вейп, айкос секілді бу шығаратын өнімдердің темекіге қарағанда залалы көп екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Мысалы, электронды темекінің құрамында глицерин, прополингликоль, никотин, ароматизаторлар мен түрлі дәм беруші қоспалар бар. Ал, олардың қандай зиян екенін, тыныс алу жолдарының зақымдалуын қоспағанда, иммунитетке кесірін тигізетінін айтудың өзі артық. Статистикаға жүгінсек, жас буын снюс пен паучтарды жиі тұтынады. Снюс-түтінсіз темекі. Ең қорқыныштысы сол, оның құрамындағы никотин қарапайым темекі құрамындағыдан бірнеше есе көп. Әсері миға зақым келтіреді. Иіс шығармайтыны тағы бар. Содан да болар, тұтынушылар легі мектеп оқушылары. Былтырға дейін электронды темекіге тыйым салынбаған еді. Мәселе ушығып бара жатқандықтан, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 441-бабына өзгеріс енгізілді. Онда «16 жасқа дейінгілерге, яғни жасөспірімдерге темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салынады» делінген. Әлбетте жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде түрлі зиянды нәрселерге құмартуы қалыпты. Сән қуып, қолындағы дүниесін «дәрежеге» балайтындары тағы бар.Әрі электронды темекінің жарнамасына алданып, арты қандай дерттерге душар қылуы мүмкін екенін ойламайды. Бұрын шылым шеккен жас жігіттер мен балаларды көріп, ересектер жағаларын ұстаушы еді. Бүгінгі күні қыз балалардың қолдарына бір-бір электронды темекіні ұстап, көше бойында қысылып-қымтырылмай жүргенін көріп, ауыз ашамыз. Бозбала, бойжеткендерді осындай маркетингтің «құрығынан» ада ету-ата-аналары мен мектептегі мұғалімдеріне артылатын жүк. Пышақтың екі жүзі бары секілді, кез-келген заттың пайдасы мен зияны бар. Сол нәрселерді уақытылы байқап, кеселдің алдын алу басты міндет!
Гаухар АБАЙҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар