«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!»

Ойыл аудандық коалициясы аудан орталығындағы мәдениет үйінде мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өткізді. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының өзекті бағыттары кеңінен түсіндіріліп, рухани-мәдени саламен сабақтастығы талқыланды.
Басты спикерлер Айсұлу Мамбетова мен Серікбай Қойбағаров Ата заңның негізгі құндылықтарына тоқталып, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелерін тарқатып айтты. Олар мәдениет пен өнер – қоғамның рухани тірегі екенін атап өтіп, жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраны қорғау, шығармашылық еркіндік пен мәдени бастамаларды қолдау қағидаттары айқын көрініс табатынын түсіндірді.
Зиялы қауым өкілдері Тыныштыбай Шалабаев пен Болат Бақтыгереев сөз алып, тарих пен ұлттық жады мәселесіне тереңірек тоқталды. Олар мемлекет дамуының әр кезеңінде Ата заңның рөлі ерекше болғанын айтып, жаңа Конституциядағы ұлттық бірегейлікті сақтау, дәстүр мен мәдени сабақтастықты нығайту бағыттарын тарихи тұрғыдан негіздеді. Сонымен қатар, мәдениет пен руханиятты қолдау – ел тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Кездесу барысында мәдениет қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, шығармашылық орта үшін құқықтық тұрақтылық пен еркіндіктің маңызын атап өтті. Коалиция мүшелері алдағы референдумның тарихи жауапкершілігін еске салып, барша азаматтарды ел болашағы үшін саналы таңдау жасауға шақырды.






